Декреттік төлем: 1 шілдедегі өзгерістер іс жүзінде қалай орындалып жатыр
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер бойынша, бұрын жүкті әйелдер қосымша төлемдерді алу үшін жеке кәсіпкерлік арқылы декреттік төлемдерді рәсімдей алатын. Яғни, міндетті зейнетақы жарналарын төмен мөлшерде, ал әлеуметтік аударымдардың жарналарын жоғары мөлшерде рәсімдеп, декретке шығар алдындағы қаражатты қомақты сомада рәсімдейтін.
Ал, енді жеке кәсіпкерліктен тауып отырған табысына бұл төлемдер мен жарналардың проценттік қатынасы өзгерді. Осылайша, әлеуметтік аударымдар сомасы да азайтылды.
Осы ретте, Azattyq Ruhy тілшісіне декретке дейінгі төлем маманы Мөлдір Мұқажан оның іс жүзінде қалай орындалатыны жөнінде пікірін білдірді.
Декреттік демалысқа шығар алдында және бала босанғаннан кейін мемлекеттен қандай ақы тағайындалады?
«Декретке шығар алдындағы ақы тек жұмыс істейтін әйелдерге тағайындалады. Жалақыдан 10 процент зейнетақы жарнасына ұсталады. 3,5% әлеуметтік аударым және тағы бір сома сақтандыру үшін ұсталынады. Соның ішінде әлеуметтік аударым декреттік төлем ретінде саналып, соны қолға ала аласыз. Сонымен қатар, жөргекпұл төлемі (послеродовые) бар. Яғни, әйел босанғаннан кейін мемлекет ақы төлейді. Оның ішінде бірінші, екінші, үшінші балаға 38 АЕК төлейді. Ол теңгемен санағанда, 131 мың теңге болады. Ал егер төртінші, бесінші бала болса, 63 АЕК 217 317 теңге болады», дейді маман.
Декреттік демалысқа шығар алдында тағайындалатын ақы қалай есептеледі?
«Соңғы 1 жылдың айлығын бәрін қосады, оны 12-ге бөледі. Сосын 4,2 процентке көбейтеді. Одан 10 процент алып тастайды. Сол 10 процентті алып тастаған соң, қалған соманы береді. Мысалы, мен бір ЖШС-те және ЖК-те жұмыс істедім. Менің жалақым ЖШС-те 260 мың болды, ал ЖК-те 450 мың тг алып жүрдім. Содан мен 2 237 000 теңге алдым», - деп өз тәжірибесімен де бөлісті.
Декретке қалай миллионмен шығуға болады? Жалпы, жеке кәсіпкерлік арқылы миллион алу үшін құжат рәсімдеу қаншалықты заңды? 1 шілдеден қандай өзгерістер орын алды?
«Қазіргі таңда жұмыс істейтін әйелдер өте көп. Үйде отырғанның өзінде әйел адам торт пісіреді, тігін тігеді, дайын өнімдерді сатады. Осындай шағын кәсібін заңдастыра отыра заң жүзінде әлеуметтік төлемін төлеп отырып, ақысын алуға құқығы бар. Бұл заңға қайшы әрекет емес. 1 шілдеге дейін жеке кәсіпкер зейнетақысын минималды түрде көрсетіп, әлеуметтік төлемақыны максималды түрде көрсетуге құқылы еді. Ол қалай? Яғни, міндетті зейнетақы төлемін 7 мың теңге төлей отырып, ал әлеуметтік ақыны 17 мың теңге көлемінде төлеуге құқықтары бар еді. Алайда, 1 шілдеден бастап қыздардың жасайтын барлық төлемдері 85 мыңға өсіп кетті», - дейді Мөлдір ханым.
Биыл белгіленген максималды босанғанға дейінгі төлемақы – 1 850 000 теңге.
Яғни, қосымша әлеуметтік аударымдардан түсетін жәрдемақы азайды ма?
«Бірінші қарағанда, мемлекеттің жасап отырған бұл өзгерісі дұрыс сияқты көрінеді. Яғни, барлық төлемді белгілеген жалақы арқылы төлеу. Бірақ, ол халыққа өте қиын. Кей адамға зейнетақы төлемі көбірек керек, ал, керісінше, тағы бір тұрғындарға әлеуметтік төлем маңызды. Өзіне қалай ыңғайлы, халық солай төлеп жүрген еді. Ол тек декретке шығар алдындағы ақысын алатын қыздарға ғана емес, барлық жеке кәсіпкерге қиындық тудырып отыр. Мысалы, бір кісіні мысалға келтірейін. Зейнетке шығар алдында үш жыл қосымша жұмыс істеді. Яғни, өзінің зейнетақысы көбірек болсын деп жоспарлаған. Бірақ, жалақысынан 10 процент зейнетақы төлеміне және 3,5 процент әлеуметтік ақы ұсталынады. Ол кісіге декретке шығар алдындағы төлем мүлдем керек емес. Яғни, мемлекет декретке шығар алдында берілетін ақыны қысқартам деп, зейнетке шығар алдындағы азаматтарға да кедергі жасап отыр. Сондықтан бұған көпшіліктің пікірі теріс», - деп пікір білдірді Мөлдір ханым.
«Қаржы жағынан ғана емес, құжат тапсырудан да кедергілер туындап жатыр», дедіңіз.
«Рас. Жүкті әйелдердің көбі Халыққа қызмет көрсету орталығында құжат тапсыру кезінде көбінесе шағымданады. Құжатты тапсыра алмай, бірнеше рет баруға мәжбүр. Яғни, қысым бар. Нақты мысал ретінде айтсам, құжатын тапсыра алмай жүрген А.ханым менен маман ретінде көмек сұрады. Салық кабинетінен бір құжатты сұратты. Негізі оның Халыққа қызмет көрсету орталығына қатысы жоқ. Артық төлем жасалған деп қабылдамай жатыр. Сондағы артық төлемі - 0.43 теңге».
Заңдағы өзгерістерге қатысты сіздің ұсыныс, тілектеріңіз...
«Әлеуметтік төлемнен алып отырған сомадан тағы 10 процентті не үшін ұстайды? Осыны қарастырса екен. Әйел адам өзі еңбекпен тапқан ақшасынан әлеуметтік төлемін өзі түгел алса екен. Одан кейін бала 1,5 жасқа толғанша берілетін жәрдемақы бар. Сол жәрдемақыдан да 10 процент зейнетақы төлеміне ұсталады. Былай қарасаң, ол жәрдемақы. Одан не себепті ұстайды, түсініксіз. Жұмыс істеген аналарға бар-жоғы 80 мың, ал жұмыс істемеген аналарға 25 мың теңге ғана түседі. Содан 10 процент ұстап қалу қаншалықты орынды?» - деген сауалдары жауапсыз қалмаса екен деген тілегін айтты.
ҚР Әлеуметтік кодексіне, нақты айтқанда, заң жобасының 6-тармағына сәйкес, енді өз атына жасалатын әлеуметтік аударымдарды есептеу объектілері деп ЖК иесі өз бетімен айқындайтын табыс сомасы танылады. Бұл табыс сомасы өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін айқындалған табысқа тең болуы керек. Яғни, жеке кәсіпкерлік ашқан әйелдер сол табыс сомасынан өз атынан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеуге міндеттеледі. Сондықтан мұндай схема бойынша қосымша әлеуметтік аударымдардан түсетін жәрдемақы азаюы мүмкін.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақылар мен төлемдердің ұзақтығы бір жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылады.
Ал бұл өзгерістерге экономист маманның көзқарасы қандай?
«Бұл өзгерістерді құптаймын. Қазіргі уақытта жұмыс істемесе де, әлеуметтік аударымдар, жеке кәсіпкерлік арқылы ақшаны салып, одан кейін нақты жұмыс орны болмаса да, жасанды жолмен мемлекеттен көп ақша табудың жолы бұл, деп ойлаймын. Екіншіден, масылдық психологияның элементі деп есептеймін. Жеке кәсіпкерлік арқылы төлем аударылатын болса, зейнетақы төлемдері де міндетті түрде алынуы тиіс. Ол, әрине, санын қысқартса да, экономикадағы статистиканың ауытқуының алдын алады. Ең негізгі мақсаты адамдарды нақтылыққа, тұрақтылыққа үйретуге, нақты жұмыс істейтін адамдарды көбейтуге арналған. Ал бала 1,5 жасқа толғанша берілетін жәрдемақыдан ұсталатын 10 процент те орынды. Себебі, әрбір табыс салық пен зейнетақы жарнасына ұсталуы тиіс. Зейнетақы қорлары керек уақытында әлеуметтік мәселелерді, тұрғын үй мәселелерін, денсаулық саласына жұмсалғандықтан, бұл экономикада тұрақтылық әкеледі деп ойлаймын», - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН