$ 495.95  524.37  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.09.2023, 06:22
Қоғам

Алматы облысындағы ауылда оқушылар жатақханада оқуға мәжбүр

Шенділер мектептің жайы алдағы 3 жылда шешілетінін айтты

Алматы облысындағы ауылда оқушылар жатақханада оқуға мәжбүр
Фото: almaty.tv

 «Мектептен үнемдегендер түрме салуға мәжбүр болады». Бұл – неміс саясаткері Отто фон Бисмарктың сөзі. Өкінішке қарай, өз даламызда да сыныпқа сыймай, оқуды қимай жүрген бала көп. Бірақ оларды оқытар жағдай жоқ. Жанайқайын айтып, шырыл қаққан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының ата-аналары да «Баламыздың білімі мен болашағына балта шабылып отыр» деп шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Әл-ауқаты әлсіз елдің балаларындай білім алып отырған оқушылар Сарыбұлақ ауылындағы жалғыз мектепте оқиды. 1931 жылы тұрғын-жай есебінде салынған ғимарат қазір дене шынықтыру залына айналған. Зал деген аты, әйтпесе, мұндағы сабақ тоғызқұмалақ ойнаудан әрі аспайды. Қараңғы қапас, бір бөлме.

Мектепте 290 бала 2 ауысыммен, 3 ғимаратқа бөлініп сабақ оқиды. Күн бұзылса, төбесін су тесіп, қабырғасынан сыз өтетін мектепті мұғалімдер жөндеп жүрген көрінеді.  Олардың айтуынша, алда қыс, ал күні бойы суық кабинетте отыру - балаға қиын, мұғалімге қиямет.

«Пешіміз үнемі дұрыс жұмыс істемейді. Қыстың ортасында жарылады. Бұрын терезелерді мақтамен бекітетінбіз. Әлі күнге дейін ортасына мақта салып, шегелеп жүрміз», – деді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Кемал Дәрібаева.

«Бұл мектеп те емес, жатақхана ретінде салынған. Кейін мектепке бейімдеп берді. Біздің мектепте не асхана жоқ, не спорт зал жоқ. Әжетхананың суы ақпайды, желдеткіш орнатылмаған», – деді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Ержан Жақабаев.

Азаматтар жағдайды жауаптыларға талай айтқан. Уәдесін үйіп-төгіп, келіп-кететін ақ жағалылар да аз емес. Бірақ нәтиже жоқ. Ауыл тұрғындары «ертең мектеп опырылып ортасына түссе, амалын тауып кетеді» деп ашынды.

«Он әкім болды, бәрі уәде берді. Біреуі де орындаған жоқ. Өткенде «Қаражотаға емес, Сарыбұлаққа мектеп салынады» деп қазық қағып кеткен. Бізді алдап отыр ма?» – деді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Серік Шібеков.

Апатты жағдайға қарамастан, міндетін адал атқарып, бала оқытып отырған ұстаздар «былтыр 16 түлектің он бірі білім грантына ие болды» дейді. Мектеп оқушылары спортзалдың жоқтығына қарамастан, спорттық сайыстарда да ауданның алдында келеді.

«Біздің ғимарат от жағатын орыннан алыс орналасқан. Оның үстіне терезелер ескі, суық ұрады, жылынбайды. 13 тонна 626 биыл бөлінді бізге. Солярка енді бүгін келеді деген, күтіп отырмыз», – деді Сарыбұлақ орта мектебінің директоры Мадина Асқарова

Алматы облысының білім басқармасы дәл осы ауылда 300 орындық жаңа мектептің салынатынын хабарлаған. «2023 жылы құрылысы басталды» делінген құжат әлеуметтік желіге жарияланыпты. Іле-шала жаңа мектеп үшін жер қарастырылған, мамандар келген. Кейіннен ауылда оқу ордасы салынбайтын болыпты.

«2024 жылға облыстық білім басқармасына білім бөлімі тарапынынан 280 орындық мектептің жобалық-сметалау құжатына бюджетке қаржылық өтінім бердік. Ол келген жағдайда, келесі 2024 жылы қаражат бөлінсе, 2025-2026 жылдары Сарыбұлақ ауылына 280 орындық мектеп құрылысы жоспарланды», – деді Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов.

Шенділер мектептің жайы алдағы 3 жылда шешілетінін айтты.

Серіктес жаңалықтары