Әуежайды басып алу ісі: Алматыда адвокаттар сот ғимаратына күшпен кірмек болды
Бұған дейін сот отырысы онлайн режимде өткізіледі деп жоспарланған
Бүгін Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу ісі бойынша сот тыңдауы өтуі керек болатын. Бірақ процеске сотталғандардың адвокаттары кедергі келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сот отырысы онлайн режимде өткізіледі деп жоспарланған, бұл жөнінде процеске қатысушыларға алдын ала хабарланды. Алайда, осыған қарамастан, бірнеше адвокат қалалық сот ғимаратына офлайн отырыс өткізуді талап етіп келді. Тәртіпті бұзып, сот ғимаратына күшпен кіруге тырысып, сотталғандардың адвокаттары процеске қосылмады, осылайша тыңдаудың өткізілуіне кедергі келтірді», - делінген хабарламада.
Атап өтілгендей, қорғаушы тарап осы әрекеттері арқылы өздеріне сенім білдіргендердің құқығын сақтауды қамтамасыз ете алмады. Осыған байланысты сот алқасы қалалық адвокаттар алқасының атына процесті бұзған тұлғаларға қатысты жеке қаулы жолдау туралы шешім қабылдады.
«Отырысты онлайн өткізу туралы шешім бірінші инстанциядағы сотта сотталушылардың туыстары, сондай-ақ басқа қатысушылар сот тыңдауының қалыпты сипатта жүруіне кедергі келтіріп, агрессивті іс-әрекет жасауына байланысты қабылданған болатын. Олардың осындай іс-әрекеті салдарынан сот залындағы мүлік бүлінді. Сонымен қатар бұл әрекеттер соттағы параллель процестерге де кедергі келтірді», - деп мәлім етті қалалық соттан.