Жеке кәсіпкер карантин кезінде 3 мың отбасына көмек көрсетпек
Ондаған тонна азық-түлік Іле ауданындағы 9 ауылдың тұрғындарына тегін таратылады

«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға гуманитарлық көмек беру бүгін басталды. Іле ауданында ірі зауыт, өндіріс орындары көп. Бірақ қиын сәтте бетон, плитка, пластмасса бұйымдарын өндіретін «Арказ Инвест» ЖШС басшысы ғана 250 мың халық тұратын ауданның әлсіз отбасыларына көмектесуге келді. 3 мың қорап азық-түлікті аудан орталығы Энергетик округінен бастап Байсерке, Жетіген, Қараой, Ащыбұлақ, Междуреченск, КазЦИК, Чапай, Күрті, Боралдай округтеріндегі отбасыларға таратып жатыр.
Акцияның алғашқы күні Боралдай кенті, Ащыбұлақ, Междуреченск КазЦик ауылдарының тұрғындарына азық-түліктен бөлек көп рет қолдануға болатын маска да таратылды. Күнделікті нәпақасын Алматыдан тауып отырған халық қала карантинге жабылғанда азық-түлік қорын жинай алмапты.
«Менің отбасымда жолдасымме бірге үш балам және қайын атам, бауырларым тұрады. Бір шаңырақта жеті адамбыз. Мына қысылтаяң уақытта берілген азық-түлік жанұяма үлкен көмек. Қаржы тапшылығынан уақытында ұн-майымызды ала алмай, абдырап қалып едік. Енді, міне, осы азықпен бала-шағама кем дегенде бір апта ыстық тамақ бере аламын», - деді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Гүлмира Жақыпова.
Осы акция аясында аудандық мәдениет қызметкерлерінің бастауымен 500 дана көпқолданбалы бетперде тігіліп, азық-түлікпен бірге отбасыларға таратылып, ТЖ режимін сақтау, коронавирустан қалай қорғану керектігі жайлы үгіт-насихат та жүргізіліп жатыр.
Бетпердемен және азық-түлікпен қамтылғандар қатарында КазЦИК ауылдық округінің тұрғыны Динара Кенжебаева да бар. Динараның жолдасы денсаулығына байланысты ауыр жұмысқа жарамайды екен. Өздерінің екі баласы бар. Өзі де жұмыссыз. Үкімет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмектің қаржысымен ғана күн көріп отыр.
«Мына карантин біздің отбасымызға үлкен кесірін тигізіп отырғанын жасыра алмаймын. Расында да көмекке мұқтажбыз», - деді көмекке зәру әйел.
Тағы үш мың жанұяға гигиеналық және жеке қолоданысқа арналған заттар үлестірілмек.