«81 борышкер әке қамалды»: Алматыда кемінде 32 мың бала алиментке мұқтаж
Бала-шағасына қарайласпайтын әкелердің саны биылдың өзінде мың жарым адамға көбейген
Алматыда әлимент төлемей жүрген борышкер әкелердің саны мыңнан асады. Ал өндірісте 16 мыңнан астам іс жатыр. Бала-шағасына қарайласпайтын әкелердің саны биылдың өзінде мың жарым адамға көбейген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының сот орындаушыларында алиментті өндіріп алу туралы 16 мыңнан астам атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. Олардың 60%-дан астамы "атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Заңның 93-бабының негізінде борышкердің жалақысынан ұсталынып қалады. Сот шешімдерін, соның ішінде алимент бойынша шешімдерді орындауда қиындықтар көп.
Борышкердің қолма-қол ақшасының болмауы, жауапкердің тұрғылықты жерінің анықталмауы, тұрақты жұмыс орнының болмауы, өндіріп алуға болатын мүліктің жоқтығы алименттің дер кезінде төленуіне кедергі келтіреді.
«Жұмыс істемейтін борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін Департамент жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойды. Жұмыс әртүрлі бағыттар бойынша ұсынылды, соның ішінде бухгалтер, экономист, күзетші, жүргізуші, құрылысшы және жалақысы 150 000 теңгеден асатын басқа да кәсіптер. Жалпы, қала тұрғындарын жұмысқа орналастыру үшін шамамен 2,2 млрд теңге бөлінді. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша 2023 жылы 83 борышкер жұмысқа орналастырылды», - деді Алматы қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы Ануар Жексеков.
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңда сот орындаушысының және сот актісінің талаптарын орындамайтын борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. 2023 жылы Әділет департаменті 141 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
«81 әкімшілік қамауға алу 5 тәулікке дейін қолданылды. Алимент бойынша 4 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тағы сот орындаушыларының 4 ұсынысы анықтау органдарының қарауында. Алимент өндіріп алу бойынша барлық қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, борышкерлер 50 млн теңгеден астам берешекті төледі. Департамент сот актілерін орындау жөніндегі міндеттерді шешіп, алдағы уақытта да істердің әлеуметтік маңызды санаттарын нақты орындау үшін жұмыс істейді. Берешегі, мүлкі бар борышкер болған жағдайда сот орындаушылары оларды іске асыру жөнінде шаралар қабылдайды. Биыл сот орындаушылары берешекті өтеу есебінен 3 жылжымайтын мүлікті, 7 жылжымалы мүлікті сатты, сол арқылы 20 млн.теңгеден астам берешек өтелді», - деді Алматы қаласы Әділет департаментінің бас маманы Мәдина Керімбек.
Департамент өкілдерінің сөзінше, қашып жүрген мыңнан астам әкелердің арасында мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар жоқ. Алимент өндіру бойынша арыз-шағым биыл көбейген. Алимент өндіру ісіне атүсті қараған жеке сот орындаушылар лицензиясынан айрылады.
«Алимент өндіруде 16 мың атқарушы іс болса, алимент төленуі тиіс балалардың саны кемінде 32 мың. Қашып жүрген әкелерден алимент ала алмай жүрген кемінде 1,5-2 мың бала бар. Биыл 81 борышкерді қамау түріндегі жауапкершілікке тарттық. Алименттен жалтару азайған жоқ, ары кетсе 1, 2 пайызға ғана төмендеді. Биыл алимент бойынша әрекетсіздігі үшін 8 жеке сот орындаушысына қатысты лицензияның қолданысынан айыру туралы ұсыныс жіберілді. 4 сот орындаушы лицензиядан айырылды, 4 іс соттың қарауында. Былтыр алиментті өндіру құжаттарының саны 14 мың 500 шамасында болса, биыл ол 16 мыңға көбейді», - деді бөлім басшысы.