Баланың психикасын бұзып, суицидке итермелейтін фактілермен күресу керек - мамандар дабыл қағуда
Олардың сөзінше, балалардың зорлыққа ұшырауына түрлі порно сайттардың еркін тарауы да әсер етіп отыр
Елімізде жыл сайын 400 мыңның үстінде бала дүниеге келеді. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың саны да үш милионның үстінде. Бірақ олардың қауіпсіз жерде өмір сүретініне ешқандай кепілдік жоқ. Тіптен ата-аналар мектепке, балабақшаға жіберген балаларының жәбір көрмейтініне де сенбейді. Оған дәлелдер де аз емес. Өзін өзі қорғай алмайтын бүлдіршіндер балабақшаларда тәрбиешілерден таяқ жесе, мектепте жоғарғы сынып оқушылары жасы кішілерге әлімжеттік көрсетеді. Тіптен үйде де балаға қарсы күш көрсету тоқтаған емес.
Бұл ретте Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында бала зорлығына қатысты заңды күшейту керектігін атап өтті.
«Шынында да, бүгінгі таңда біздің еліміздің заңнамасында балаларға зорлық-зомбылық немесе қатыгездік жасауға байланысты әрекеттерді қамтитын жеке баптар жоқ. Бірнеше жыл бойы AMANAT партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңес осы мәселелерді барлық деңгейде көтерді. Мемлекет басшысы өз жолдауында балаларға қарсы қылмыс жасағаны үшін жазаны күшейту туралы тікелей тапсырма берді. Әрине, бұл үнемі дабыл қағып, осы мәселенің өзектілігін көтерген қоғам қайраткерлерінің, партия мүшелерінің үлкен жеңісі», - деді «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы Салтанат Женалиева.
Қатыгездікке тап болған жасөспірімдер мен қорғансыз әйелдерге көмек көрсетіп, уақытша паналататын, бейімдеу орталықтары елдің барлық өңірінде бар және олар үнемі көмекке мұқтажы жандардан босаған емес. Одан бөлек түрлі үкіметтік емес ұйымдар да бала құқығы жөнінде тұрақты дабыл көтеріп келеді.
«Балаға қарсы қылмыстар біздің елімізде күн сайын дерлік орын алатыны ешкімге құпия емес. Мысалы, Астанада бірқатар ҮЕҰ, қорғау, бейімдеу орталықтары, өмірлік қиын жағдайға тап болғандармен, оның ішінде кәмелетке толмағандармен де жұмыс істейді. Ол орталықтардың өздері де қаржылық жетіспеушілік пен сапалы мамандардың көмегіне мұқтажы болса да ауқымды жұмыс істеп келеді. Психологтардың жеткілікті санын қажет ететін мектептерімізге назар аударатын кез келді, мектеп инспекторлары институтын қайта бастау керек», - деді «Эндохирургия клиникасы» ЖШС Бас директоры Салтанат Мұқанбетпанқызы.
Оның сөзінше, партияның мүшелері әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы күресуді күшейтуді барлық инстанцияларда көтерген. Жастар мен ересектердің арасында қылмыстың өршіп тұруы, олардың бала кезде алған психологиялық соққы, моральдық күйзелістерімен де байланысты. Мәслихат депутаты Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің алдында балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтетін шараларды қабылдайтын өте ауқымды жұмыстар тұр дейді.
«Мәслихат отырыстарында, оның ішінде көшпелі кеңестерде біз осы мәселелерді көтереміз және белгілі бір нәтиже бар. Сонымен қатар, балаларды мектептерге жібергенде, біз оларды қорқытуға, зорлық-зомбылыққа ұшырамай, білім алатынына сенімді болуымыз керек. Біздің кеңес үшін бұл міндеттер бірінші кезектегі жұмыстар болып табылады. Омбудсмен Закиевамен бұл мәселені талқылау және нақты шараларды әзірлеу үшін кездесеміз», - деді ол.
Қастандық қана емес, ата-аналардың жауапсыздығынан да балалар көп зардап шегеді. Қараусыз, қорғаусыз қалдырудың кесірінен балалардың жазатайым оқиғалары да өте көп орын алады.
«Бүгінгі күні жаңалықтар лентасы немқұрайлылықтан, жауапсыздықтан және ересектер қылмысынан зардап шеккен балалар туралы ақпараттарға толып жатыр. Біз балаларымыздың буллинг пен кибербуллингке ұшырағанын бақылай алмаймыз. Статистика көрсеткендей, жыл сайын 150-ге жуық бала терезелер мен люктерге құлайды. Бұл қорқынышты сандар нақты шаралар қабылдауға айқын дабыл. Бізде қазірдің өзінде болған жағдайды және қиындықты шешу үшін қолданатын шаралар жеткіліксіз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды белсенді жүргізу өте маңызды. Балаларды тәрбиелеу және олардың санасына әсер ету бойынша жұмыстың басқа әдістерін қарастыру қажет. Қауіпсіздік, эмпатия, ағартушылық және зорлық-зомбылыққа төзімділікті нөлдік пайызға түсіруіміз қажет», - деп санайды Ақмола облысы бойынша Қазақстан әйелдер күштері Альянсы төрағасының орынбасары Раушан Тұранова.
Балалардың зорлыққа ұшырауына түрлі порно сайттардың еркін тарауы да әсер етіп отыр. Ересектер де, жасөспірімдер де бүгінде азғындықа шақыратын бейнекөріністерге еркін кіріп, көре алады.
«Порно сайттарға кіруді қатаңдатуды және балалардың психикасын суицидке жетелейтін ақпараттардан қорғауды да қолға алу керек. Балаларымыздың алатын білім сапасы да маңызды. Мектептердің толып кетуіне, жоғары білікті психологтардың жетіспеуіне байланысты балалардың рухани мәдениетін, командалық білім мен жоғары адамгершілікті тәрбиелеуге бағытталған сыныптан тыс іс-шараларды өткізуге мүмкіндік бере алмаймыз. Адамгершілік педагогиканы танымал ету бойынша идеологиялық жұмыс маңызды. Статистикаға сүйене отырып, біз балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлеуметтік тұрғыдан жол беріледі деп нақты айта аламыз. Отбасы институтын нығайту, факторларды анықтау бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу маңызды. Жас балаларды айыптауға, қорқытуға және кибербуллингке әсер етеді. Зорлық-зомбылық фактілерін жою үшін себеп-салдарын түсіну өте маңызды», - деді «Дети Ангела г.Кокшетау» қауымдастығының үйлестірушісі Раушан Сәлімқызы.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Ақмола облысының Степногорск, Қосшы, Атбасар қалаларында, сондай-ақ Бурабай ауданында көмекке зәру отбасыларын қолдап, сүйемелдейтін 4 орталық құрылды. Мемлекеттік мекемелердің міндеттеріне «бір терезе» қағидаты бойынша (заң, психологиялық, әлеуметтік, тұрғын үй және т.б.) кешенді кеңес беру, белсенділікке ынталандыру және өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша көмек көрсетеді. Көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасыларына бизнес және басқа да кәсіпкерлік қызметті ашу бойынша кеңес беріледі. Жыл соңына дейін Шортанды ауданында тағы бір орталық ашу жоспарланған.