Құрғашқылық, толассыз жауын және субсидия: тауар өндірушілердің мәселесі қалай шешіледі
Бизнес өкілдері жаңбыр жауған облыстарда төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр
«AMANAT» партиясысының агроөнеркәсіптік кешені кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық кеңестің басшысы Нұрлан Әшімбетов аграрлық кеңес соңғы 2-3 ай тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
«Бізбен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар жұмыс істеп жатыр. Біз арнайы жоспарды биылғы және келесі жылға жасадық. Бүгін проблемалық мәселелері бар егістік науқанын талқылаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да агросаладағы түйіткілді мәселелер қозғалды. Онда Қазақстан Еуразиядағы тамақ өндіру бойынша орталық болуға мүмкіндігі бар екені айтылды. Қайта өңдеу мен терең өңдеу өнеркәсібінің мәселесін талқылаймыз. Жолдауда бұл мәселелер де айтылды», - деді депутат.
Кеңеске партияның өңірлік филиалдарындағы аграрлық кеңестер мен облыс, аудан депутаттары, ауыл шаруашылығы ұйымдары онлайн қатысты.
«Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында құрғақшылық пен жаңбырдың толассыз жаууы сынды табиғи мәселелер бар. Ол егістік жинауға кедергі келітіріп жатыр. Осы орайда тауар өндірушілерге көмек көрсету мәселесін қарастырамыз. Шаруаларға несие беретін ұйымдардың төлемін 1-2 жылға ұзарту бойынша сұрақтар бар. Ал Азық-түлік корпорациясы бидайдың сапасы мен бағасын қарап жатыр. Қазір нарық қиын жағдайда тұр. Себебі баға арзан, соған қарай сапа да төмендеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия мәселесін ушықтырып жіберген. Себебі қазіргі таңда ел бойынша мемлекет фермерлерге 171 млрд теңге беруі тиіс. Шаруалар оны тезірек берсін деп отыр. Партия арқылы біз тізім жасап, бұл мәселелерді қалай шешу керегін талқылаймыз», - деді Нұрлан Әшімбетов.
Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев бүгінгі таңда проблеманың техникалық екі сипаты бар екенін айтты.
«Бұл ең алдымен – құрғақшылық. Ақмола облысының 7-8 ауданында және Павлодар облысының аудандарында болған құрғақшылық өнімнің көлеміне айтарлықтай әсер етті. Қазір егін жинау науқанындағы кедергілер мен экспорттың көлеміне әсер ететін бірқатар кедергі бар. Бұл біздің тауар өндірушілер есептеген, жоспарлаған өнімдерін ала алмайды деген сөз. Сондай-ақ бұл келесі жылдың егін егу науқанына әсер етеді. Сол себепті де өңірлердегі шаруалар төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр. Төтенше жағдай айтарлықтай ештеңе шешпейді. Бірақ оның артынан жасалатын бірқатар іс-шара бар», - деді ол.
Бақтыбаев атағандай, екінші күрделі мәселе-тұқымның жетіспеушілігі.
«Қазір тұқымның қоры 2 млн тоннаны құрайды. Біз осындай мәселелерді шешу үшін табиғи жағдайдағы төтенше жағдай жариялауды ұсынамыз. Шаруаларға осы жағынан жәрдемдесу керек. Себебі ауыл шаруашылығы өндірушілерін қорғау керек. Олар төтенше жағдай жарияланса, барлығын заң бойынша шеше алады. Былтыр да жаңбыр толассыз жауып, осындай талқылаулар болды. Бірақ шаруалардың 85 пайызы шығынды өздері көтерген болатын. Сондықтан жаңбырға қатысты төтенше жағдай енгізілгені дұрыс деп есептейміз», - деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстанға протекционистік экономикалық саясатқа көшу қажеттігін атап өтті.
Ол қазір көптеген ел ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданатынын атап өтті. Тіпті дамыған мемлекеттер де протекционистік өнеркәсіптік саясатқа көшті. Соған қарамастан, Қазақстанда ДСҰ жіктемесі бойынша ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен болып қалып отыр.
«Сондықтан бізге сауда саясатында жаңа, батыл тәсілдер қажет. Мемлекет отандық өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл біздің экономикамыздың сыртқы әлемнен жабылуының белгісі емес: ол ашық, бірақ ұлттық бизнестің мүдделерін ескере отырып қалуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті өз Жолдауында Еуразия құрлығының жетекші аграрлық орталықтарының бірі болу міндетін қойды.
«Өз нарықтарын ұстап тұру және экспортты ұлғайту үшін жеткізілімдердің ауқымын, сапасын және жүйелілігін қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар болуы керек. Бірақ бұл міндетті орындау үшін біз өз елімізде отандық өнімдерді сатуды ретке келтіруіміз керек. Өз елінде отандық өндірушілер ірі сатушылардың агрессивті саясатына байланысты өндірілген өнімді тең және әділ сату мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан жағдайды түзету үшін отандық өндірушілер үшін басым жағдайлар жасау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан сауда қызметін реттеуді заңнамалық деңгейде күшейтуді ұсынамыз», - деп ұсынды ҚР тамақ секторы салалық одақтарының альянсы.