«Үлкен болып мен қоймадым»: Ләйлә Сұлтанқызы төрт жыл бұрынғы дау туралы
Әзілкеш Нұрболхан Шарапов пен тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы достасты
Әзілкеш Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызынан кешірім сұрады. Екі тараптың достасқаны туралы видеоны Ләйлә Сұлтанқызы өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осыдан 4 жыл бұрын, 2019 жылы, тележүргізуші мен әзілкештің арасында дау туындаған. Танымал отандық жайдарманшы Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызымен соттасуға дейін барған еді.
«Кезінде үлкен болып мен қоймадым, кіші болып ол қоймады. Уақыт, жағдай есейтті. Сыйластық жеңді», - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Еске салайық, Сұлтанқызы жүргізген отандық бағдарламада көтерілген тақырыптың бірі жайдарманшының шамына тиіп, ол бағдарламаны қатаң сынға алған. Алайда бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы Нұрболханның бұл сынын орынсыз санап, оны жеке басыма тіл тигізді деп айыптап, сотқа берген.
Кейін жайдарманшы Ләйлә Сұлтанқызымен арадағы дау аяқталған соң, сот шешімі бойынша тележүргізуші соттасуға кеткен 1 миллионнан астам шығынды оған толықтай өтеп беруге міндеттелген. Алайда, ол қаражаттың өтелген, өтелмегені белгісіз.
«Құрметті, Ләйлә Сұлтанқызы! Мен сізді өте жақсы білемін. Кезінде жұмыс барысымен араластық. Қуанышыңызда да болдым. Мен жағымпаз, болашақта сізбен араласу деген оймен отыратын болсам, бұл мәселені көтермес едім. Халықтың, ұлттың жанашыры ретінде, дін рұқсат бермейтін мәселеде сізге үндеу жасадым.
Сізге айтарым, бағдарламаны жаппай-ақ қойыңыз, жабылмайды да ол. Бірақ бұрын да сізде жақсы тақырыптар болды. Неге қоғамда болып жатқан басқа да әлеуметтік тақырыптарды қозғап жүріп-ақ, сол сүйкімділігіңізбен қала бермедіңіз?! Сізді қандай жақсы көрді халық. Қазір де жақсы көреді ғой, бірақ мына жағдайдан кейін теріс пікір жазып жатқандар да көп. Ұлттың тағдырын айтатын бағдарлама болса деймін, бұттың емес», - деп Сұлтанқызына ашық үндеу жолдаған еді Нұрболхан.
Сымбат ҒАЛЫМЖАН