$ 497.26  525.21  4.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бюрократияның кесірінен шетел асуға мәжбүрміз»: Грузиядан көлік алатын қазақтардың саны көбейді

Сатылымдағы көліктердің 99 пайызы АҚШ-тан аукцион арқылы әкелінген 

«Бюрократияның кесірінен шетел асуға мәжбүрміз»: Грузиядан көлік алатын қазақтардың саны көбейді

Грузия, Оңтүстік Корея, АҚШ және Дубайдан көлік таситын қазақстандықтар саны күрт көбейген. Елдегі зауыттарда құрастырылған көліктерге де былтырғыдай кезек көп емес. Оның сыртында Қытайдан әкелініп жатқан жеңіл машиналардың саны да артты. Дәл қазіргі уақытта Қазақстанның көлік нарығында машинаға деген тапшылық жоқ. Ресми дистрибьюторлерде және айдалған көліктерді екінші нарықта сататын автосалондар да аз емес. Қытайлық кроссовер Chery EXEED, Haval, Changan және Zeekr сынды электромобильді машиналар Қазақстан нарығын жаулай бастаған. Қостанай автомобиль зауытында қытайлық бір брендтің автомобиль өндірісі локализацияланған. Онда JAC автомобильдері 2015 жылдан бастап шығарылып жатыр. Былтырғы жылдың қараша айында Алматыда қытайлық мультибрендті маркалы автомобильдерді шығаратын зауыттың құрылысы басталды және ол 2024 жылдың соңында ашылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 90 мыңнан астам көлік шығармақ. Инвестицияның жалпы көлемі 100 миллиард теңгеден асады. Бір сөзбен айтқанда 20 миллион халқы бар Қазақстан үшін көлік тапшылығы болмайды деп болжауға болады. Бірақ, соған қарамастан шетелден ұсталған көліктерді тасушылардың саны азаймай отыр. Azattyq Ruhy тілшісі Грузиядағы көлік нарығын зерттеп қайтты.

Грузияның әуежайына Алматы мен Астанадан келіп жатқан қазақтар көп. Топтасып та, жекелей де жеткен отандастарымыз бірден Руставели қаласындағы атақты Autopapa базарына тартады. Тбилисиден небәрі 20 шақырым жердегі автобазардың жанындағы да, Руставелидегі де қонақ үйлер қазақтарға лық толы және бұл үрдіс соңғы бір жылда бір сәтке де азаймаған. Тіптен шығыс тағамын дайындайтын асханаларды да қазақтың қыз-жігіттері ашып алған. Құжатты да  рәсімдеп, жап-жақсы табыс табудың көзін ашқан.

Autopapa базарына Алматыдан арнайы көлік сатып алуға барған адамның бірі - Нарбол Ерболұлы. 4-курстың студенті 4 мың шақырым жерден көңілі қалаған көлікті іздеп келген.        

«Екі күн базарды аралап, 50-60-қа жуық көлікті қарадық. Аяғында 2019 жылғы Camry-70 автокөлігіне тоқтадым. Маторының күші - 2,5 литр. Саудаласып жүріп 16 900 АҚШ долларына алдым. Бастапқы бағасы 18 500 АҚШ доллары болды. Мен өзіме ұнаған Camry -70-ті 7,8 млн теңгеге таптым. Қазақстанға апарғанда утильалым, тағы басқа да шығындарымен 12 млн жуықтайды екен. Қазақстанда бұл көліктің америкалық нұсқасы 13 млн теңгеден жоғары тұрады. Еуропалық нұсқалар тіпті қымбат, 15 млн сұрайды. Бірнеше миллион теңгемді үнемдедім десем болады. Көлік 80 мың шақырымдай жүрген, сапасы өте жақсы», - деді 23 жастағы студент. 

Autopapa базары шамамен алты бөлімге топтасқан. Сатылымдағы көліктердің 99 пайызы Америкадан аукцион арқылы әкелінген машиналар. Сатушылардың көбі жергілікті грузиндер мен әзірбайжандар. Базарды шыр айналып, сауданың көркін кіргізіп жүргендердің де көбі қазақтар. Сатушылардың сөзінше, бұрын армян,  әзірбайжандардан бөлек ресейліктер де көп келген. Украинаға қарсы соғыс ашқалы ресейліктер бұл жаққа жолай алмайтын болған. Грузия соғыста Украинаны ашық қолдайды және тәуелсіздік үшін арпалысып жатқан елдің туын желбірете көп жерге іліп тастаған. Тіптен ресейлік паспортқа қызмет көрсетілмейтінін де ашық жазып қойған. Базарда бірен-саран қырғыздар да кездеседі. Алайда олардың көбі ресейліктердің тапсырысы бойынша машина алуға келгендер болып шықты.

Грузиядағы көлік нарығын қыздырып тұрғандар негізінен қазақтар дедік. Немересін ерткен зейнеткерді де, әйелімен бірге машина қарап жүрген ауыл тұрғындарын да, өзіне тұлпар таңдаған қазақтың жас қыздарын да осы  базардан кездестіресің. Америкадан порт арқылы жеткен көліктерден көз сүрінеді. Мәселен, қазір қазақ нарығында сұранысқа ие  2021-2023 жылғы Toyota Camry – 75 көліктері 20-23 мың доллардың айналасында болса, 5-6 жылдық Toyota Camry – 70-терді 16-19 мың АҚШ долларына табуға болады. Қазақстандықтар жақсы көретін Toyota Highlanderдің 6-7 жыл жүрілгендерін де 10-12 млн теңге аралығында алуға болады. Ал Camry-50 және 55 деп аталтын түрлері мен 2019-20 жылғы Hyundai Elantra, Hyundai Sonata, Hyundai Tucson сынды модельдерді 9 500 - 11 мың АҚШ долларына алуға болады. Көлік іздеушілер көрсетілген бағадан қалайда 1-2 мың доллар түсіртеді. Жоғарыда маркалардың бәрі Қазақстандағы бағадан кемі 40 пайызға арзан. 

«2019 жылғы Toyota Highlander-ді алып тұрмыз. Капоты сәл майысыпты, түзеткен. Қатты ұрылып-соғылған жері жоқ. Қазақстанға апарып, құжатқа кететін шығындарды қоса алғанда барлығы 17 млн теңге шығады. Қазақстанда мұның орташа бағасы 22 млн теңгеге барады. Біз сонда 4-5 млн теңге ұтып тұрмыз. Сапасы жағынан да жақсы. Келгелі 4 күнде базардан қазақты көп көрдік. Өзіміз бірінші рет келдік», -деді алматылық Заман Жұмабай.

«ҚАЗАҚСТАНҒА ӘКЕЛГЕН КӨЛІКТІ РӘСІМДЕТУДІҢ ҚҰНЫ МИҒА СЫЙМАЙДЫ, ХАЛЫҚТЫ ТОНАУ...»

Оңтүстік Корея, Дубай мен АҚШ-та да көлік салыстырмалы түрде арзан болғанмен, ол жаққа бару қымбат, әрі қиын. Жеткізуге де көп уақыт кетеді. Дәл қазір қазақстандықтарға тиімдісі - Грузия. Елдің әр аймағынан көлік алғысы келгендерді жинап, автотур ұйымдастыратын топтар да пайда болған. Оны ұйымдастырушылар бөтен елде алданып қалмауға кепіл беріп қана қоймай, машинаны таңдасады, бағасын түсірткізеді, құжаттарын рәсімдеуге көмектесеміз дейді. Ресей федерациясына қарасты Шешенстан, Дағыстан, Қалмақия сынды елдердің жерінен кедергісіз өтуге көмектеседі.

«Айына 40 көлікті Қазақстанға кіргіземіз. Орта есеппен бір адам 13-15 мың долларға Грузиядан машина алды деп есептейік. Шамамен 230 млн теңгедей тек біздің топ арқылы Қазақстан нарығынан Грузияға шығып жатыр. Көлікті елге жеткізген соң тағы бітпейтін төлемдер басталады. Кедендік рәсімдеуге 1 миллионға дейін ақы алады. Бастапқыға (первичка) техпаспорт пен нөмір ғана аламыз. Оған 1 млн 725 мың теңге төлеу деген миға сыймайтын дүние. 2,5 литр көлемге орташа алғанда утильалым 825 мың теңге. Бастапқы тіркеу үшін 2 млн теңгеге жуық қаражатты алу тым артық. Бастапқы тіркеу деген шетелде болған көлік біздің Қазақстанға келіп тіркелгені үшін алынатын сома. 2020 жылға дейінгілерге 1 млн 725 мың теңге кетеді. Бұның да бір түсінігі болу керек шығар?! Не үшін бұндай сома? Техпаспорт пен нөмір алу үшін мемлекеттік баж салығы 13-14 мың теңге төлейміз және шетелден автокөліктің келгені үшін 1 млн 725 мың теңге тағы  төлейміз. Сонда, 2 куб көлемді 2017-2008 жылдар аралығындағы машинаның құжатын жасатуға кемі 3,5 млн теңге кетеді. Көлікті шетелден 4 млн теңгеге сатып алатын болсақ, Қазақстанға барып жасайтын құжатқа 3,5 млн теңгеге шығады. Бұны қалай түсінуге болады? Баланс жоқ. Сырттан автокөліктің келуіне кедергі келтіру. Көлік пен оның құжатының бағасы теңесіп тұр. Монополистер өздерінің зауыт, автосалондарындағы  машиналарды алуға заң арқылы мәжүбірлеп қойған. Салоннан барып ең арзан дегенін 12 млн теңгеге алғанша, 4 млн теңгеге сырттан 3-4 жыл жүрілген, сапасы әлдеқайда жоғары машинаны әкеле салмаймын  ба? Бұл қымбатшылық осыған қарсы әдейі жасалған амал», - деді Досбол Арыстанбек. 

«БІР ТҮНДЕ 500 МЫҢ ДОЛЛАРДЫ ГРУЗИЯҒА АСЫРДЫҚ ...» 

Көлік іздеп Кавказ тауын асқандар бір барғанда 20-25 көлікті сатып алып, топтасып кері қайтады. 4-5 мың шақырым жол жүріп, үйлеріне жетуге асығатын отандастардың  жолы да жеңіл болмайды. Автономды елдердің  бақылау бекеттеріндегі полициялар үшін көлік алып бара жатқан қазақстандықтар таза майшелпек. Әр көліктен рубль алмай жібермейді. Ойлы-шұңқырлы, әрі тар алыс жолда апатқа түсіп жатқандар да жоқ емес.

«Шығыстағы Зайсан ауданынан ұлымыз екеуміз автотурмен келдік. Қазақстанда автокөлік алу өте қиын, қымбат. Тапқан-таянғанымызды Грузияға жинап әкеліп отырмыз. 50 мың доллар – өзге елге инвестиция. Қанша қазақ келіп солай қаражатын тастап кетіп жатыр. Грузияның экономикасын көтеріп жатыр. Үкіметте отырғандар өзіміздің автонарықты құруға назар аударса, қазақтың ақшасы сыртқа кетпес еді. Бұл жерде бәрі тап-тұйнақтай қылып, қолайлы жағдай жасап қойған. Барған соң утильалымы бар, «растаможка», «первичка» деген бар, бәлен миллион  теңге соған кетеді. Мұндай бюрократиялық тонау бізде ғана бар екен. Басқа елде жоқ. Соған қарап қарным ашады. Біздің нарықтағы машиналардың құны мен сапасы сәйкеспейді. Тіптен автосалондардағы су жаңа машиналардың өзі қымбат. Жылтырап тұрғанмен, сапасы таза америкалық модельге жетпейді. Амалсыз бюрократиялық жүйенің кесірнен осылай шетелде қаңғырып жүруге мәжбүрміз. Өзім шаруа қожалығының төрағасымын. Мал өсірем. Ескі көліктерімді сатып, өзіме бір, қызыма бір көлік алдым. Үстіне ақша қосып осында келіп тұрмын. Көлік көңілімнен шықты. 2018 жылғы Lexus RX 350 және Toyota 70-ті  алдық. Toyota-дан 5 миллиондай,  Lexus-тен 10 миллион теңгедей үнемдеп отырмын.

Тапқан-таянғандарын қазақтар осында әкеліп, шетелге беріп кетеді. Жігіттердің ішін ыза кернейді. Сол ақша өзімізде қалса, өз мемлекетімізді көркейтуге жұмсалар еді. Осы жолы топтағы отызға жуық адам орта есеппен 500 мың долларын тастап кетіп барамыз. Бұрын утильалым мәселесі айтылғанда түсінбеппіз, енді басымызға түскен соң түсініп жатырмыз. Көлікті тіркетудің қымбаттығынан машиналардың да құны Қазақстанда жоғары. Мына жақтан жап-жақсы көліктерді алдық. Мен алған екі машианы дәл бұндай «комплектациямен» елден таппаймын, тапсамда қымбат», - деді Шығыс Қазақстан облысынан келген Болат Жапсарбаев. 

Грузияның автобазарындағы сатушылар қазақстадықтарды аса жақтыра да қоймайды. Тек өзге алушы аз болғандықтан қинала саудаласатындар да бар. Өйткені, елге келген соң құжат үшін төленетін миллиондарды есептейтін отандастар бағаны барынша көбірек түсіруді талап етіп тұрып алады. Ал бұл базардағы сатушыларға ұнамайды.

«Бірінші орында әзірбайжандықтар көп алады көлікті. Бірақ олардың арасында алып-сатушылар көп. Бұрын ресейліктер көп сатып алатын. Баға да ол кезде жоғары еді. Соңғы екі аптада қазақтарға машина сатпадым. Оншақты машина сатылды. Қырғыздар арқылы ресейліктер алды, әзірбайжандар да бар. Қазақтар арзанға алғысы келеді. Мысалы, мына ақ түсті Camry -75-ке 22 мың доллар сұрап тұрмын, 21 мың долларға берем. Бізге тәжік пе, қазақ па, бәрібір қалаған бағамызға береміз. Қазақтар арзан машина іздейді, арзанға алғылары келеді. Әр көліктің құны бар», -деді Абдулрауф есімді саудагер.

Түрлі төлемдер арқылы көлікті тіркеудің қымбаттығы бәрібір қазақстандықтарды тоқтата алмай отыр. Шетелден мінілген көлікті алуға тапсырыс береді немесе өздері алып қайтады. Өйткені, тұтынушылардың арасында қытайлық модельдер сынақтан өтпеген, үш-төрт жылдан кейін сыр береді, екінші нарықта оны сату қиын деп санайтындар басым. Ал сыннан өткен, сенімді деген машиналардың бағасы қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді емес. Шетел асқан отандастарымыз жапондар, кәрістер мен немістердің АҚШ-қа арнап шығарған авткөлігі Орта Азияға жіберілетін машиналарға қарағанда әлдеқайда сапалы деген сенімде. 

«Қазақстанға автокөліктер Кореядан, Дубайдан белсенді түрде әкелініп жатыр. Армян көліктері бұрын заңсыз болды, қазір заңды түрде тасу жолға қойылды. Соның ішінде Грузия мемлекеті бар. 8,5,3 жылдық автокөліктерді алып келуге болады. Мен осы жылдың сәуір айынан бастап Грузиядан өзіме көлік сатып алу үшін жол іздедім. Бірақ нақты айтып беретін адам, не ақпарат болмады. Сондықтан өзімнің командамдағы жігіттермен бірге өз бетімізбен Грузияға келдік. Автокөлік алдық. Қазақстанмен салыстырғанда көліктің арзан шығатынына көзіміз жетті. Біз ғана емес жалпы Грузиядан көлік алуға барғысы келетін, бірақ жолын білмейтін, алаяқтарға алданып қалам ба деп қорқатын, нарықты түсінбейтін қазақстандықтардың тарапынан сұраныс бар екенін білдік. Осылайша автотур деген қызметті ұйымдастырдық. Осыған дейін болған, бірақ ауқымды түрде жасалмаған. Айына екі-үш рет келеміз. Әр топта 20-30 адамнан келеміз. Бір рет 38 көлікті алып кеттік. Соңғы 4-5 айдың ішінде 190 жуық көлікті елге кіргіздік. Паспорттан бастап ұшаққа қай рейске билет алудан бастап моралдық-психологиялық қолдау көрсетеміз. Грузияның заңдарын түсіндіреміз. Автобазарға жақын қонақ үйді броньдап, автокөлік таңдасуға көмектесіп, Ресей арқылы өтетін көліктің құжаттарын дұрыс рәсімдеуге көңіл бөлінеді. Бірнеше мемлекеттің шекараларынан, бақылау бекеттерінен өткенде түрлі сұрақтар туындайды. Біз қанша сапарға келіп жүрсек те әр сапарымыз бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының өз проблемасы болады. Техника алып бара жатқан соң оның қозғалтқышы кетуі, дөңгелегі жарылуы мүмкін. Ондай кезде қиындықтан алып шығамыз, айдалада, бөтен елде қалып қоймайды. Бірінші рет келген адам автокөліктердің бағасын қалыпты деп санайды. Мұндағы сатушылардың өзі психолог болып алған. Алғаш келген адамды тез таниды. Сондықтан нарық бағасынан қымбат айтады. Топтасып келгенде қымбатқа алдыртпаймыз, сатушыға біздің адам екенін айтамыз. Нарық бағасымен сатып алуға мүмкіндік алып береміз. Алдын-ала төлемді алып кетіп қалу бар, автокөлікті рәсімдеу кезінде көліктің айыппұлы болуы мүмкін, машина иесінің төленбеген алименті болуы мүмкін. Салықтары, айыппұлдары болса, кейбір қулары оны автокөлікті сатып алушыға  міндеттеп  тастайтын жағдайлар болады. Өйткені, адамдар грузин тілін, жазуын білмейді. Көлік бағасына, техникалық жағдайына сай ма, алуға тұрарлық па, жоқ па? Бәрін талдау керек.  Автотурдың финалдық қызметі қазақ нөмірін алғанға дейін жалғасады. Көліктің таза бағасын салыстыратын болсақ бұл жақта Қазақстаннан 50 пайызға арзан шығады», - деді көлік тасымалын ұйымдастырушылардың бірі.

Серіктес жаңалықтары