$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.09.2023, 07:03
Қоғам

Арзан тауар аламыз деп сан соғып қалған: Алматыда бір топ адам алдандық деп шу шығарды

Полиция алаяқтық дерегі бойынша тергеуді бастап кетті

Арзан тауар аламыз деп сан соғып қалған: Алматыда бір топ адам алдандық деп шу шығарды
Фото ашық дереккөзден

Алматыда бір топ адам алаяқтарға алдандық деп шу шығарды. Олар тікелей Қытай зауыттарынан тауарды төмен бағада алып беремін деген әйелге имандай сеніп, миллиондаған қаражатқа онлайн тапсырыс берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Келісім бойынша ақшасын алдын ала беріліп, тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ бен тағы басқа заттар алты ай мен бір жылдың ішінде келуі тиіс болған. Бірақ екі жылдан бері тауарын күтіп шаршаған жұрт қыруар қаражатты қайтарсын деген талап қойды. Полиция алаяқтық дерегі бойынша тергеуді бастап кетті.

Жанар Сейітқожаева тікелей Қытай зауыттарынан арзан бағада тауар сататын ватсап желісіндегі топқа ақша төлеп қосылып, тапсырыс берген. Көп ұзамай таңдаған ыдыс-аяғы көрші елден келіпті. Тауардың уақтылы берілетініне көз жеткізген соң, келіншек көтерме саудамен айналысқысы келетін адамдарды жинап, 40 миллион теңгеге тапсырыс қабылдайды. Енді сол қыруар қаражаттың тауары бір жарым жылдан бері әлі жоқ.

 «Мені үйіме келіп сілкілейді. Мені аудандық ІІБ-не апарып, ана күні арыз жазамын деді. Менде қайтарып беретін ақша жоқ. Өзінен сұрадым, осы ақшаны қайтаршы деп. Елең етпеді. Елдің ақшасын қайтарсын. Қайтар дегенді қайтарсын. Тауарын күтетіндер, күтсін. Менде 400 адам бар. Олар маған сенді. Мен Айсмұратоваға сендім. Ақшаны банкке аудардық. Өзіне, інісіне, ЖК аудардық», - дейді Жанар Сейітқожаева.

Жанар сынды ондаған адам Арайлым Айсмұратова есімді әйелден тауарды онлайн таңдап, ақшаны алдын ала аударғанын айтады. Ол өз кезегінде Қытайдың зауыттарынан тұрмыстық техника, жиһаз және өзге де заттарды алты ай немесе бір жылдың ішінде әкелемін деп уәде берген. Алғашында кей тауарлар уақтылы жеткізіліпті. Кейін тапсырыстың келуі тіптен ұзаққа созылды дейді салы суға кеткен жұрт.

 «Мен де ватсап желісі арқылы арнайы топ ашып, адамдарды қостым. Көтерме саудамен айналысқысы келетін 30 менеджерім болды. Мен Айсмұратовадан алатын тауардың үстінен 25 мың теңге аралығында қосып, өзім сата бастадым. Олар маған, мен Айсмұратоваға сендім. Бірақ тапсырыс берген тауарымның тек 10 пайызын ғана алдық. Қалған заттарды екі жылдан бері күтіп жүрміз. Мен өзім оған 462 млн теңге аудардым. Ақшамызды қайтарып берсін», - дейді Әлия Көлденова.

Базардағы бағадан әлдеқайда төмен сатылатын тауарлардың жарнамасы да жер жарған. Осыған қызыққандары таныстарына да жаппай тарата бастаған. Тапсырыс көлемі артып, ватсап топтар бірінен кейін бірі ашылыпты. Олар екі елдің арасында тауар таситын адаммен тікелей жұмыс істемесе де, фото-суреттер арқылы заттарды сата берген. Ақыр аяғында не ақша, не тауар жоқ, көбі клиенттеріне қыруар қаражат қарыз болып шыға келді.

 «Мен де ватсапта жинап, ол кісіге қарап, халықтан тапсырыс жинадым. Бірақ бір жыл болды, бірде бір тауар алмадық. Бірақ ол кісінің жарнамасы мықты болды. Мынандай тауарларды аласыңдар, келген тауарларды түсіріп жатқанын, халыққа таратып жатқан видеосын шығарып отырды. Ол видеоларды біз де таратып отырдық. Бірақ біз сендік. Келісімшарт жасаған жоқпыз. Себебі, тобына кіру миллионның үстінде деді. Елдің бәрінің оның қоймасы бос тұрғанына көзі жетті», - дейді Аңсаған Байкенова.

Ат шаптырым аумақты алып жатқан қойма қазір жабық тұр. Ауласында тауарын асыға күтіп жүрген бірен-саран адам ғана жүр. Ал «алдандық» деген әйелдер жаппай полицияға шағым түсірген. Қазір алаяқтық бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

 «Тамыз айында Алатау ауданы полиция басқармасына алаяқтық дерегі бойынша бірқатар адамдар шағымданды. А. есімді азаматқа қатысты ҚК 190-бабы, 4-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, қылмыстық іс жүргізу кодекс талаптарына сай, тиісті процессуалдық әрекеттер жүргіліп жатыр», - деді  Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Осы шуға себеп болған Арайлым Айсмұратова болса сұхбат беруге құлық танытпады. Ал сан соғып қалдық деген бір топ адам тауардың келетініне сенбейді. Сондықтан олар қыруар қаражатты қайтарып алу үшін соңына дейін күреспек.

Серіктес жаңалықтары