$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.03.2020, 17:58
Қоғам

Коронавируспен күреске волонтерлар мен бизнесмендер қалай көмектесіп жатыр

Әлем бойынша 549 мыңнан астам адам індет жұқтырып, 25 мыңға жуық адам көз жұмды

Коронавируспен күреске волонтерлар мен бизнесмендер қалай көмектесіп жатыр

Әлем қалаларының біразы коронавирустың таралуын тоқтату үшін карантинге жабылып, көп адам жұмыссыз қалды. Қазақстанда да өзге елдер секілді, волонтерлар жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп, бизнес өкілдері пандемиямен күреске қаржы бөлуде. 

ЕРІКТІЛЕР БАСТАМАСЫ  

Қазақстанда басталған «Biz birgemiz» акциясы аясында «Жас Отан» жастар қанатының волонтерлары бірнеше күннен бері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қарттарға, мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасыларға медициналық маскалар мен антисептикалық құралдарды жеткізіп жатыр. Кеше олар «Nur Otan» партиясы жинаған қаржыға Елордадағы 500 отбасыға азық-түлік апарып берді. Акция басқа өңірлерде де жалғасын тапқан.

Бірнеше күн бұрын БАҚ-та карантин жарияланған қос қалада зооволонтерлардың үй жануарларына көмектесіп жатқаны жазылды. Себебі, қалалар жабылғанда, кей иттер блок-бекеттің екінші жағында иесіз қалған. Еріктілер оларды посттан өткізуге көмектесіп, қажет болса втеринар-дәрігерлерге жеткізуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында волонтерлардың коронавируспен күреске үлес қосып жатқанын атап өтіп, алғыс та білдірген.

Коронавирус тараған елдердің бәрінде волонтерлар еңбегі көзге көрінеді. Мысалы, 5 мыңнан астам вирус жұқтырған Ұлыбританияда өздігінен ұйымдасқан топтар карантиндегі немесе ауырып жатқан адамдардың есігінің аузына тамақ пен дәрі-дәрмек қойып кетеді. Оксфорд университетінің психотерапевтері үйден шығуға қорқып қалған қарттарға тегін онлайн кеңес беруге шешім қабылдаған.

Ал Қытайда коронавирус әсерінен стреске түскендер үшін 360 жедел желі жұмыс істейді. Сол арқылы психологпен тілдесуге мүмкіндік бар. Иелері Жаңа жылдың алдында басқа жаққа кетіп, оралып үлгермеген үй жануарларына волонтерлар тамақ береді. Ол жақта да ауырған азаматтардың үйіне дәрі-дәрмекті еріктілер апарады.

Коронавирус пандемиясымен күрес үшін ауру тараған елдердің дәрігерлері өзара кеңесіп, тәжірибе алмасу үшін әлеуметтік желілерде чат құрған. «РИА Новости» агенттігінің жазуынша, қазір анестезиолог-реаниматологтардың тобында 1500 дәрігер отырады. Бірақ бір-бірінің тілін түсіну қиындық туғызады. Сондықтан Ресейде волонтер-аудармашылар пайда болып, дәрігерлерге көмек көрсетуде.

БИЗНЕС НЕ БЕРІП ЖАТЫР?

Коронавируспен күресте, оған қарсы вакцина ойлап табуда қалталы тұлғалар қалыс қалып жатқан жоқ.

Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Biz Birgemiz» қорына отандық Forbes тізіміндегі бірнеше ауқатты қаржы аударды. Атап айтқанда, қорға Тимур Құлыбаевтан 10 млн доллар, Кеңес Рақышевтан 1 млн доллар, Ғалымжан Есенов, Айдын Рахымбаев, Рашид Сәрсенов, Александр Клебанов, Александр Беловичтерден 2 млн доллардан келіп түскен.

Артынша «Қазақмыс» және ERG корпорацияларының қорға 10 млн доллардан бергені хабарланды.

Осылайша, 21 наурызда бір тәулікт 41 млн доллар жиналған. Қаржы медициналық қорғаныс құралдарына, жасанды демалу аппараттарын алуға, әлеуметтік әлсіз топтарға азық-түлік әперуге жұмсалуда.

Бұдан бөлек, Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына індетпен күрес үшін 1 млрд долларды өз алдына бөлді.

BI Group компаниясының қожайыны Айдын Рақымбаев Hilton қонақүйін карантиндік орын ретінде босатып берді.

Болат Өтемұратовтың «Верный Капитал» акционерлік қоғамы республикалық қорға 1 млн доллар, ал өз атындағы жеке қоры Нұр-Сұлтан мен Алматыға 200 млн теңге аударды.

Пандемиямен күреске Динара Құлыбаеваның Halyk қоры 4,5 млрд теңге, Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры 150 млн теңге, Дариға Назарбаева басқаратын «Дегдар» қоры 100 млн теңге берген.

Ет өндіруші «Aitas KZ» компаниясы 200 млн теңге, YDD Corporation ферроқорытпа зауыты 100 млн теңге, Сбербанк 50 млн теңге, Sulpak 25 млн теңге бөліп отыр.

Аталғандардан бөлек, жекелеген кәсіпкерлер түрлі сомада қаржы беріп жатыр.

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ БАЙЛАР КӨМЕГІ

Alibaba платформасының иесі Джек Ма COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина ойлап табуға 14,5 млн доллар бөлген. Сонымен қатар, ол Ресейге, АҚШ-қа, Латын Америкасы елдері мен Африкаға миллиондаған тегін маска мен коронавирус тестерін жөнелтті.

Қаңтар айында Билл Гейтстің қоры жұқпалы дертпен күрес үшін 100 млн доллар ақша берді. Қордың мәлімдемесінде $20 млн – ауырғандарды қарауға, $20 млн – Азия мен Африка елдеріндегі денсаулық сақтау орталықтарын дамытуға, қалғаны вакцина жасауға жұмсалатыны айтылған.

Facebook компаниясының қожайыны Марк Цукерберг COVID-19 диагностикасын жасайтын құрылғы сатып алып берді. Қазір Цукерберг пен Билл Гейтстің қорлары коронавирусты зерттеуге бірге атсалысып жатыр. Facebook Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына індетке қатысты жарнамалық ақпараттарды тегін салуға рұқсат берді. Сондай-ақ лентадан ауру туралы жалған мәліметтер ұдайы өшіріліп отырады.

Ірі байлардан бөлек, танымал дизайнерлік дүкендер мен иіссу өндіретін компаниялар да коронавируспен күреске үлестерін қосқан. Christian Dior, Louis Vuitton сияқты брендтерді біріктіретін француздық LVMH компаниясы Қытайдың Қызыл Крест қоғамына 2,2 млн доллар, Kering компаниясы 1,1 млн доллар аударған. Індетпен күреске ақша бергендердің ішінде Richemont, Shiseido, Versace, Estée Lauder, Swarovski, L’Oréal, Armani брендтері де бар.

Айта кетсек, соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирус 125 адамнан анықталған.  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 61 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында – 4, Шымкент қаласында – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Жамбыл облысында –3 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам, Атырау облысында – 3 адам және Павлодар облысында 2 адам тіркелді. 2 науқас жазылып, Алматыда бір әйел қайтыс болды.

Әлем бойынша 549 мыңнан астам адам індет жұқтырды. 128 мың адам жазылып, 24 872 адам көз жұмды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары