Алматыда әлеуметтік төлемдер үшін құжаттар қабылдана бастады

42 500 теңге кімдерге беріледі?

Алматыда әлеуметтік төлемдер үшін құжаттар қабылдана бастады

Алматы қаласында төтенше жағдайға байланысты мәжбүрлі түрде демалысқа кеткен немесе жұмыссыз қалған тұлғаларға әлеуметтік төлемдерге құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мамандары мәлімдеді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылған адамдарға ай сайынғы төлемдерді беру туралы шешім 3-4  жұмыс күнінде қабылданады.  Бұл туралы Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Мұқажанова арнайы брифинге айтты.

Алматы қаласында төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдерді беру үшін құжаттарды қабылдау басталды. Төлемдерді алу үшін жұмыс беруші де, жұмысшы да міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болуы шарт. Осы ережеге сәйкес бүгінге дейін қалада 400 адамнан өтініш келіп түскен.

«Әлеуметтік төлемдер шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге, жеке кәсіпкерлерге, орта бизнес өкілдеріне жеке шаруашылықпен айналысатындарға және олардың жұмысшыларына беріледі. Сондай-ақ нотариус, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар да бұл санатқа кіреді. Төлем алушылардың тіркелген жеріне қарамай, жұмыс берушінің тіркелген жеріне қарай өтініштер қабылданады. Қазір барлық аудандарда штабтар құрылып, мамандар өтініш иелерін күтіп отыр», - деді басқарма мамандары.

Жұмыс беруші электрондық үкімет арқылы да үйден шықпай-ақ өз өтініштерін жолдай алады. Өтініш, жұмысшының ЖСН-ы, әлеуметтік аударымдар туралы анықтама және жұмыс беру мекемесі басшысының арнайы бұйрығы бірге жөнелтілуі тиіс. Әкімдік жанындағы штаб бір күнде қарастырып, ары қарай мемлекеттік корпорацияға жолдайды. Ол жерде үш жұмыс күні ішінде шешім қабылданып, төлем алушыға SMS- хабарлама жолданады.

Оқи отрыңыз: Төтенше жағдайда жұмыстан шығып қалғандар ақшасын қайдан алады?

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанша, табысынан айырылып қалған азаматтарға ай сайын 42 500 теңге төлеп тұруға тапсырма берді. Алдын ала есеп бойынша, бұл көмекке шамамен 1,5 млн қазақстандық ілінеді.

Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, өзге де аз қамтылған топ өкілдеріне ұдайы тегін азық-түлік жеткізіліп отырады.

Президенттің сөзінше,  карантин режимі енгізілгеннен кейін Алматының өзінде кәсіпорындардағы жұмыс орындарының саны 266 мыңға қысқарып қалған. Жеке кәсіпкерлер де жапа жегіп, 80%-ы жұмысын уақытша тоқтатқан. Осылайша, қаладағы карантин 500 мың алматылықтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.