$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.03.2020, 16:29
Қоғам

Алматы мен Нұр-Сұлтанда себепсіз көшеге шыққандар 15 күнге қамалуы мүмкін – Абаев

28 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантиндік шектеу күшейтіледі

Алматы мен Нұр-Сұлтанда себепсіз көшеге шыққандар 15 күнге қамалуы мүмкін – Абаев
фото: Батыржан Беспаев

Ертеңнен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында көшеде жүрген адамдарды полиция тоқтатып, сұрақтың астына алуы мүмкін. Себебі, бүгін түнгі 00:00-ден бастап үйден шығуға шектеу қойылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

«Үйден тек азық-түлік, дәрі алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуға болады. Сонымен бірге, 30 наурыздан бастап кәсіпорындардың басым көпшілігі жұмысын тоқтатады. Көшеде полиция қызметкері тоқтатып, қайда бара жатқаныңызды сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек. Жұмысқа шақырғанды растау үшін сізде тікелей басшының немесе кадр бөлімі қызметкерлерінің телефон нөмірі болғаны жөн. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар әдетте, тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындардың қажетті затын сатып алып, үйге қайтқанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қажет», - деді министр.

Министрдің айтуынша, азаматтар үй жануарларымен аула маңында серуенге шыға алады. Ал басқа себептермен шыққан болса, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.

«Басқа себептермен шыққан азаматтарға алдымен ескерту жасалады. Одан кейін 26 500 теңге көлемінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, істі сот қарайды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделген», - деді бұл жайлы министр.

Сондай-ақ, адамдар ауруханаға да бара алады. Бұл дәлелді себеп болып саналады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары