Мемлекет басшысының алдыңғы жолдауларда берген тапсырмалары орындалды – Смайылов

Ол Үкімет пен Парламент міндеттемелерді жүзеге асыруды жалғастыратынын жеткізді

Мемлекет басшысының алдыңғы жолдауларда берген тапсырмалары орындалды – Смайылов
Фото ашық дереккөзден

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында экономикалық өсім жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекет басшысының алдыңғы жолдауларда берген тапсырмалары жалпы орындалды деп айтуға болады. Жүйелі және ұзақ мерзімді тапсырмаларды іске асыру жалғасуда. Жаңа және әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды қадам жасалды деп ашық айтуға болады. Бүгін мен бірқатар жұмыс нәтижелеріне ғана тоқталдым. Жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Үкімет Парламентпен бірлесіп, алға қойылған міндеттерді іске асыру жұмысын жалғастырады», - деді ол.

Премьер атағандай, пандемия мен күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында ел экономикасы өсім көрсетіп отыр.

«Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,8%-ті құрады. Ал экономиканың өсімі 5% деңгейінде болады деп күтіліп отыр. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады. Осы жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13,3 мың долларға дейін өсті. Сыртқы сауда айналымы биыл 140 млрд долларға дейін ұлғаяды. Қазір еліміздің халықаралық резервтері 95 млрд долларды құрайды. Инфляция біртіндеп төмендеуде. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда жылдың соңына дейін 2 есе төмендейді», - деді ол.

Авторы: Аягөз Құрмаш

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.