10 мыңнан астам жеке тұлға банкроттық рәсімін пайдаланды – Үкімет басшысы

Бұл олардың қарыз жүктемесін және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік берді

10 мыңнан астам жеке тұлға банкроттық рәсімін пайдаланды – Үкімет басшысы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Нұрсұтан Жорабаев

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында азаматтардың банкроттығы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Осы жылдан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттық рәсімін пайдаланды. Бұл олардың қарыз жүктемесін және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік берді. Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында тиісті заң қабылданды. Бүгінгі таңда Демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі бойынша 16 компанияның акциялар пакеті мен қатысу үлесі, 7 ғимарат, 160 темір жолдары мен нысан, сондай-ақ, ақшалай қаражат мемлекеттік меншікке қайтарылды. Жалпы, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар соңғы 4 жылда көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-тен 19%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді», - деді Смайылов.

Ол атағандай, жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру мақсатында 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы іске асырылуда.

«Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама шеңберінде инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларының кең спекторы қолданылады. Инвестициялық келісімшарт щеңберінде басым секторларда жұмыс істейтін компаниялар салықтар мен кедендік баждардан босатылады, заттай гранттардан алады. Ірі инвесторларды тарту үшін қолданыстағы мемлекттік қолдау шараларының кез келгенін ұсына отырып, жеке шарттармен Инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі көзделген. Бұл ретте инвестор үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді», - деді ол.

Сондай-ақ, Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу мүмкіндігі енгізіліп, онда салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік береді.

«Мұнай-газ саласына қосымша инвестициялар тарту мақсатында 2023 жылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт жасасу кезінде фискалдық ынталандыру енгізілді. Бірқатар шетелдік кәсіпорындарды Қазақстанға релокациялау бойынша жұмыс шеңберінде бүгінде 35 ірі шетелдік компания елімізге көшіп келді. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі пысықталуда. Қабылданған шаралардың арқасында 2022 жылы тікелей шетелдік инвестиялардың көлемі 28 млрд. долларды құрады. Бұл 10 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш болып табылады. Жалпы былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн. теңгені құрады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 35%-ке көп», - деді Смайылов.

Авторы: Аягөз Құрмаш

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.