$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.08.2023, 12:40
Қоғам

Ата заң: Қасым ханның қасқа жолынан қолданыстағы Басты құжатқа дейін

Қазақстан Конституциясына – 28 жыл

Ата заң: Қасым ханның қасқа жолынан қолданыстағы Басты құжатқа дейін

Қазақстан Республикасы Ата заңына биыл - 28 жыл. Еліміз үшін ең маңызды құжат 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Яғни, бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылған күн.

Елдің басты заңы қалай құрылды? Басты құжатқа қандай өзгерістер енді - Азаттық рухы тілшісі республиканың заңнамалық базасының бастауында тұрған тұлғалармен тілдесті.

ҚАСЫМ ХАННЫҢ «ҚАСҚА ЖОЛЫНАН» БАСТАУ АЛҒАН

Қасым ханның билігі тұсында, яғни, 16-ғасыр басында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі заң әзірленіп, жарыққа шықты. Ол 5 бөлімнен тұрды: мүліктік, қылмыстық, әскери, елші жоралары және қоғам заңы. Бұл қазақ тарихындағы халық дәстүрлері мен даналығы негізінде құрылған алғашқы заң еді.

Одан соң, Қасым ханның кодексіне қосымша «Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағы қабылданды. Бірыңғай құқықтық негіздерді әзірлеуге Қасым мен Есім хандар талпыныс жасады. Ал, 17-ғасырдың соңында Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» құрастырылды. Оған үш жүздің (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би) көрнекті билерін шақырылып, қатысты.

1937 жылы 26 наурызда Кеңестердің Х жалпықазақ съезі өтіп, дәл осы күні маңызды құжат - Қазақ КСР Конституциясы қабылданған. 11 тараудан және 125 баптан тұратын құжатта:

«КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР-і өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетінше жүзеге асырады», - деп жазылған.

1993 ЖӘНЕ 1995 ЖЫЛҒЫ КОНСТИТУЦИЯ

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Конституция 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Ал қазіргі Ата Заң 1995 жылдың 30 тамызында бекітілді. Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 8 маусымдағы Заңына сәйкес, Ата Заң 99-баппен толықтырылды. Яғни, басты құжат 9 бөлім, 99 баптан тұрады.

БАСТЫ ҚҰЖАТҚА ЕНГЕН 6 ӨЗГЕРІС

Басты құжатқа қазіргі уақытқа алты рет – 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары түзетулер енгізілді.

2022 жылғы түзетулердің мақсаты - "суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметпен президенттік республикаға" көшу. Бұл мақсатқа жету үшін келесі түзетулер қабылданды:

Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқылы емес;

Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды;

Өзгерістерге сәйкес, Мемлекет басшысының қандай да бір партияны басқаруға құқығы жоқ. Егер бұрын президент парламенттегі ең үлкен партияны басқарған болса, қазір Мемлекет басшысының ресми түрде оған ықпал ету тетігі жоқ.

«Заман өзгеріп жатыр, біз жаңа бағыт, жаңа даму жолын іздеп жатырмыз. Сондықтан да қазіргі Конституцияға өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгерістердің негізгі мақсатының бірі – қалыптасқан «СуперПрезиденттік» басқару моделінен «Классикалық Президенттік» республикаға көшуі, сонымен қатар Парламенттің құзыретін күшейту», - дейді саяси сарапшы Ерлан Ахмеди.

«Президент бір саяси партияны емес, халықтың мүддесін қорғауы тиіс. Сол себепті осындай өзгерістер енгізілді», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов.

«Сонымен қатар, экономика саласында нарықтық экономикаға нақты басымдық берілді. Жеке меншікке баса назар аудару, ал бұрынғы Конституцияда, тіпті, 78 жылғы Қазақ КСР Конституциясында да бұл нақты баса айтылған жоқ. Сондықтан 95 жылғы Конституция 78 және 93 жылдардағы Конституциядан жақсы ерекшеленеді», - дейді тарихшы Зиябек Қабулдинов.

Сонымен қатар, өзгерістер Мәжіліс депутаттарына да әсер етті. Олардың саны 107 орнына 98-ге дейін қысқарды. Ал депутаттық корпус аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Яғни, сайлау тек партиялық тізім бойынша емес, сонымен қатар нақты кандидаттарға дауыс беру мүмкіндігі де болады.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Конституциялық сот қайта  құрылды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесуде Президент Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алғанын, соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылғанын айтты. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды.

«Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді. Жұрт Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, сонымен бірге еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге үлес қосады. Азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы едәуір жандана түсті. Өтініштердің саны екі есе артты. Конституциялық құқықтың қорғалуына прокурорлық қадағалау шаралары күшейді», - деді Тоқаев.

КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ – ЕГЕМЕНДІК ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ СИМВОЛЫ

Бүгін – тек маңызды мемлекеттік мереке емес, сонымен қатар бұл күн – егемендік пен тәуелсіздік символы. Елдің барлық аймағында бүгін мерекелік концерттер мен фестивальдар өтеді. Елордада осындай 50-ден астам іс-шара өткізіледі.

Автор: Сымбат Ғалымжан

Серіктес жаңалықтары