Сынақ полигонын зерттеу мақсатында Семейде ірі орталық құрылады
Жақында Президент «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» туралы заңға қол қойған болатын
Бұрынғы Семей сынақ полигонының төңірегін кешенді түрде зерттеу қажет. Өйткені жарылыс болған жерлердің зардабы белгілі болғанмен, деңгейі анықталмаған. Оған қоса уланған төңіректе ашық-шашық жатқан аумақ әлі көп. Бірақ оған жауапты ұйым жоқ. Сондықтан жақында Президент «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» туралы заңға қол қойды. Құжат бұрынғы полигон аумағында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Мамандардың есептеулері бойынша бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағы 18,5 мың шаршы шақырым болса, соның деніне радиация таралған. Оған Абай, Қарағанды, Павлодар облыстарының жерлері кіреді.
«Біз енді сол радиоактивті заттардың жерде, суда, өсімдікте қаншасы бар екендігін 50-ден аса елді мекендерде зерттеу жүргіздік. Жануарлардың етінде, сүтінде бар. Радиоактивті заттардың болуының өзі біршама кедергілер тудырады. Аурулар тудырады. Радиоактивті заттардың бір қасиеті организмге қордаланады», - деді ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Дүйсенбаев.
Ағзаға түскен радионуклидтер ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Қазір Семей өңірінде түрлі созылмалы ауралар мен қатерлі ісік дертіне шалдыққандардың тым көп болуы да соның айғағы дейді ғалымдар. Ұлттық ядролық орталық мамандары да 90-шы жылдардан бері сынық жүрген жердегі суды, топырақ пен ауаны, жан-жануар мен адамдарды зерттеген. Сәулеленген 4 мыңнан астам нысанды тексерген. Нәтижесі көңіл көншітпейді.
«Зерттеу барысында радиацияның жер асты сулары арқылы таралғандығын да анықтадық. Оған қоса өте зиянды «тритий» изотопының барлығы да белгілі болды. Адам жарылыс болған жерде тұруы мүмкін. Бірақ ағзасы сәулеленіп жатқанын сезбейді. Өйткені қазір ашық жатқан жерлерге нақты ие болып отырған ешкім жоқ. Жаңа заң күшіне енген соң, осы олқылықтар реттелер еді», - ҚР ҰЯО Радиациялық қауіпсіздік институты директорының орынбасары Евгения Мустафина.
Егер полигон аумағы заңмен реттелсе, ол жерлерді залалсыздандыруға болады. Бірақ қазір уланған төңіректің дені картаға түсірілгенмен, қоршаусыз қаңырап жатыр. Кешенді зерттеулерді жандандыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі де бірнеше жобаны іске асыруға дайын. Ол үшін Семейдегі Шәкәрім универсиеті базасында ірі зерттеу орталығы құрылады.
«Қазірдің өзінде Шәкәрім университетінің ұжымы, ғалымдары 13 үлкен ғылыми жобаларын дайындады. Тікелей Курчатов қаласына және ядролық полигонға қатысты бірнеше тақырыптарымыз бар. Семей ядролық полигонынын зерттеуге 400 миллион теңгеге дейін қаржыландыру көмегін беруге дайынбыз», - дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Жаңа заң бұрынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейту үшін қажет. Ал табиғаты ластанбаған, экологиялық ахуалы жақсы жерлерді ауылшаруашылығы және өндірістік мақсатта ел игілігіне беру көзделген.