Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 4 науқастың жағдайы ауыр
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған 61 адам тіркелді
Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус инфекциясы анықталып, ауруханада жатқан азаматтардың жағдайы туралы баяндады.
«Стационарлық емде коронавирус жұқтырып жатқан 61 адамның 4-еуінің жағдайы тұрақты түрде ауыр. Тыныс алу жетіспейді, пневмония бар. Протоколға сәйкес ем алып жатыр. Қалған емделушілердің жағдайы қанағаттанарлық. Қан қысымы көтеріліп жатқан жоқ, арыз-шағым білдірмеді», - деді дәрігер онлайн-брифингте.
26 наурыздағы ақпаратқа сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында 61 адамнан коронавирус анықталса, оның 20-сы бүгін белгілі болды.
«Олардың 14-і стационарлық ем алып жатқандардан шықты. Олар алдында қызуы көтеріліп, пневмония күдігімен жатқызылған. Ал кейбірі - алдында коронавирус жұқтырғаны анықталған азаматтармен жақын байланыста болғандар. Сонымен бірге басқа елден келіп, карантинде жатқан адамдардан да коронавирус табылды. 6 жағдай Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталды», - деді С.Қисықова.
Қазір қала бойынша 1056 адам жұқпалы провизорлар мен карантиндік мекемелерде жатыр. Оның 80-і балалалар.
22-25 наурыз аралығында Нұр-Сұлтанға шетелден келген 18 рейстен 1483 жолаушы оқшаулауға алынған. Бәрі коронавирус тестінен өтті. 3 науқас осы жолаушылар арасынан шықты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан