$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.08.2023, 16:06
Қоғам

«Бұл – қатардағы көп атжарыстың бірі емес»: Әлібек Әлденей «Ұлы Дала Жорығы» жобасы туралы

Аталған марафон-бәйге 5-19 қыркүйек аралығында өтеді

«Бұл – қатардағы көп атжарыстың бірі емес»: Әлібек Әлденей «Ұлы Дала Жорығы» жобасы туралы

«Ұлы Дала Жорығы» – алты аймақтың жерін басып өтіп, кешегі «алты күншілік жерді атпен жүріп өткен» бабаларымыздың рухын жаңғыртатын бірегей жоба. Бұл туралы «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattq Ruhy.

«Ұлы Дала Жорығы-2023» марафон-бәйгесі туралы жазбасында ол жобаны ұйымдастыруға кіріспес бұрын былтыр жазда аңыз баба Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына зиярат етіп қайтқанын атап өтті.

«Үш күнде 330 шақырымды атпен жүріп, күніне 100 шақырымды еңсеру мүмкін екенін дәлелдедік. Сол сапардан келе сала, алғашқы «Ұлы Дала Жорығын» өткізу қамына кірістік. Алғашқы жорыққа қатысқан 95 шабандоздың 26-сы мәреге жетті. Бұл жеңіс – шабандоздардың ғана емес, Ұлы Дала көшпенділері ұрпағының жеңісі болатын! Осылайша, бұл дода Мемлекет басшысы айтпақшы, нағыз азаматтар мен қазанаттардың сайысына айналды. Қазақтың жеңімпаз рухы аттың жалына байланған деген сөз рас. Кешегі советтік жүйе халқымызды ұлттық өзегінен ажыратуға қанша ұмтылса да, Жылқының киесімен бірге Қазақтың рухы оянатынын көзіміз көрді», - деп жазды Әлібек Әлденей.

Оның сөзінше, бұл – қатардағы көп атжарыстың бірі емес. «Ұлы Дала Жорығы» – алты аймақтың жерін басып өтіп, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Оқшы ата, Бытығай, Укаша ата, Ясауи кесенелері сияқты тарихи ескерткіштерге арнайы соғып, 14 күн бойы тоқтаусыз жүріп өтіп, кешегі «алты күншілік жерді атпен жүріп өткен» бабаларымыздың рухын жаңғырту.

«Одан бөлек, қазақтың бай табиғи ландшафты мен мәдени-тарихи ескерткіштеріне назар аудартып, материалдық мәдени мұрамызды сақтауға шақыру, туристік инфрақұрылымды дамытуға себепші болу. Ендеше, 5-19 қыркүйек аралығында өтетін марафонның жолын тосыңыз, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден тарайтын хабарларға құлақ түріңіз! Тұңғыш марафон тарихқа айналды, енді екінші Жорыққа шығуға дайынбыз», - деп жазды ол.

Серіктес жаңалықтары