$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда 18 мыңнан астам бүлдіршінге балабақша жетіспейді

Жыл соңына дейін 80 балабақша ашу жоспарланған

Алматыда 18 мыңнан астам бүлдіршінге балабақша жетіспейді
Көрнекі фото: mosposelok.ru

Алматыда 18 мыңнан астам балаға  мектепке дейінгі тәрбиелеу орындары жетіспейді. Жылдың соңына дейін 80 балабақша ашу жоспарланған. Бірақ ол жерлер тек 6 255 баланы ғана қамтамасыз ете алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша,  мегаполисте барлығы 919 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары бар. Оларда 79 600 бала (194 мемлекеттік, 725 жеке балабақша) білім алады.

Спикердің айтуынша, 3 жастан 6 жасқа дейінгі мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте 18 118 бала тұр.

«Осы мәселені шешу үшін биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 255 орындық 80 балабақша, оның ішінде 5 395 орындық 75 жекеменшік балабақша және 860 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда 2 630 орындық 47 жаңа балабақша ашылды, оның ішінде 300 орындық 1 мемлекеттік балабақша және 46 жекеменшік балабақша бар», - деді Л. Жылқыбаева.

Сонымен қатар биыл жекеменшік балабақшаларға жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша 5 000 орынға қаржы бөлінді, бүгінде 3 801 орынға жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс қарастырылды. Жалпы мемлекеттік білім беру тапсырысы 40 995 орынға 635 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда орналастырылған.

«Осы шаралардың нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейін балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту 93,5% құрады, жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұдан басқа, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасыларынан шыққан 5 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілмек», - деді басқарма басшысы.

Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды орындау шеңберінде Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы жанынан қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық құрылды. Оның басты мақсаты – балабақша тәрбиешілерін әдістемелік сүйемелдеу.

Серіктес жаңалықтары