2025 жылдың соңына дейін Алматыдағы қоғамдық көліктер толықтай экологиялық стандартқа сай болады
Ақордада өткен жиында Алматы қаласын дамыту мәселелері талқыланды

Президент Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін баяндады. Бұдан бөлек, қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың электромобильге деген сұранысын арттыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, кеңес барысында Алматы экономикасын әртараптандыру мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерліктің даму әлеуетіне оң баға берді. Келтірілген мәліметтерге сәйкес 2022 жылдың өзінде Алматы мемлекеттік бюджетке төрт триллион теңгеден астам қаржы құйды. Қаладағы салық түсімдерінің басым бөлігі шағын және орта бизнестің төлемдеріне тиесілі.
Президент мегаполистегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау жөнінде міндет жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жеке капиталды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын күшейту, жаңа көлік-логистикалық орталықтарына қолдау көрсетудің тың шараларын қарастыру, креативті индустрия, туризм салаларын дамыту Алматы экономикасына тың серпін беруге тиіс.