Қазақстанда коронавирустан айыққан 2 пациент ертең үйлеріне шығады - Абаев
Қауіпті вирусты жеңген науқастар әлі де толықтай бақылауда
Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі науқас ертең үйлеріне шығады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Брифингті қуанышты жаңалықтан бастағым келіп тұр. Екі емделуші коронавирустан айықты. Ертең оларды үйлеріне шығарады. Олар әзір әлі де толықтай бақылауда, соңғы тексеру сараптамаларын тапсыруда. Коронавируспен күресте бұл біздің алғашқы жеңісіміз және соңғысы емес. Бұл тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің еңбегінің арқасы. Барша қазақстандықтар мен үкіметтің атынан дәрігерлерге, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Кез келген кәсіби маман үшін ең бастысы - өз еңбегінің нәтижесін көру. Сол нәтиже үміт пен қуат береді», - деді ол.
Еске салайық, соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың саны 80 адамға жетті.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан