Алматы облысында соңғы бір тәулікте ТЖ режимін бұзған 12 адам ұсталды
Олар 5-тен 8 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынды
Алматы облысында бақылау бекеттерін заңсыз жолмен айналып өтпек болған он екі адам анықталды. Құқық бұзушылардың кезекті бір партиясы Алматы қаласына іргелес тосқауыл бекеттерде ұсталған. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Азаматтар бұрынғыдай, арнайы тосқауыл бекеттерді түрлі амалдар арқылы өтуге тырысуда. Бұл ретте, олар агрессия, қарсылық және полиция өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға дейінгі сан қилы тәсілдерді қолдануда. Алайда, төтенше жағдай режимін бұзу немесе төтенше жағдайдың жариялануына байланысты талаптарды орындамау 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады», - деп хабарлайды Алматы облысы Іле аудандық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Марат Күштібаев.
Бұдан өзге, төтенше жағдай жарияланған аумақта билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбаған азаматтарға 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге түзеу жұмыстары, не сол мөлшерде қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін хабарлайды.
Ұсталған азаматтардың барлығы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір күдіктілер 5-тен 8 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынды.