$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.10.2019, 12:01
Қоғам

Шымкенттік оқушылар қарашадан бастап «моншада» оқитын болды

Қаладағы №80 мектеп 1200 орындық, бірақ білім ошағында 4,5 мыңға жуық бала оқиды

Шымкенттік оқушылар қарашадан бастап «моншада» оқитын болды

Шымкенттегі №80 жалпы орта мектептің оқушылары қараша айынан бастап сабақтарын Нұрсәт шағын ауданындағы бұрын монша болған ғимаратта жалғастырады.

Шымкент қаласындағы сексенінші мектеп 1200 орындық болғанымен, бүгінде онда 4 жарым мыңға жуық бала оқиды. Сол себепті, мектеп басшылығы жақын маңнан қосымша ғимарат жалдауды жөн көрген. Қыркүйек айынан бастап мыңнан астам бастауыш сынып оқушыларын Нұрсәт шағын ауданындағы жалдамалы нысанда оқыта бастаған екен. Алайда, балалардың ата-аналары ол ғимараттың бұрын монша болғанын айтып шағымданған. Бұл мәселе республикалық БАҚ-тарда жарияланғаннан кейін құзырлы органдар араласып, ондағы оқуды тоқтатқан болатын. Себебі, білім ошағының басшылығы мен ғимарат қожайыны онда оқушыларды кіргізу үшін арнайы мекемелерден рұқсат алмаған болып шықты.

«Біріншіден, ғимараттың жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Екіншіден, әжетханасы талапқа сай емес. Үшіншіден, терезелері талапқа сай келмейді. Терезелер кабинеттің артқы жағында емес, шығыс жағында орналасуға тиіс. Балаларға жарық түсіп тұруы қажет. Төртіншіден, шатырын дұрыстап қаптау керек. Толық жөндеу жұмыстары біткеннен кейін ғана балаларды оқытуға болады. Қазір ғимаратты толық зертханалық тексерістен өткіземіз. Оның микроклиматын, жарығын, суын тексереді. Содан кейін оқуға бола ма жоқ па, нақты айтатын боламыз», – деп Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Тұттыбай Ералқасын мәлімдеген еді.

Оқи отырыңыз: Шымкент 6 миллиардтан астам қаржыны ел қазынасына қайтаратын болды

Қосымша ғимаратта білім алуға қыркүйек айында шектеу қойды, алайда №80 мектеп орын жетпей жатқан оқушыларының мәселесін әлі күнге дейін шешкен жоқ. Бұл мәселеге байланысты оқу жылы басында қалалық «Nur Otan» партиясы, білім саласына жауапты басшылар мен ұстаздар, ата-аналар, қоғам белсенділері қатысқан жиын өткен еді. Сол жиында Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы көрсеткен кемшіліктерді нысан иесінің тағы да есіне салып, мәселені бір ай ішінде шешуді тапсырған.

Кеше осы мәселеге байланысты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филаилы төрағасының бірінші орынбасары Баһадүр Нарымбетов журналистер мен әлеуметтік желі белсенділерін жинап, ұстаздар мен ата-аналардың қатысуымен мектеп жалға алған ғимаратта тағы жиын өткізді.

«Бір ай бұрын осы мәселе бойынша тапсырмалар берілген. Қазір сол тапсырмалардың 90 пайызы орындалды. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Ғимараттағы кабинеттер жабдықталып, парталар алынып жатыр. 1 қарашаға дейін бейнекамера, өртке қарсы дабыл қаққыш, мемлекеттік туды қойып, нысанға кірер баспалдақты кеңейту керек. Әкімдік мектеп жанынан аялдамасын қойып берсін. Жолайрықтарды сызып, көшеге көліктердің жылдамдығын бәсеңдететін кедергілер қойып, медициналық кабинетті жабдықтау керек», - деді Баһадүр Нарымбетов.

Дегенмен, құзырлы мекемелер аталмыш ғимаратта балаларды оқытуға әлі күнге дейін рұқсат етпеген. Себебі, нысанды білім ошағына айналдыру үшін жасалуы тиіс жұмыстар әлі де көп. Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Тұттыбай Ерылқасынның айтуынша, меншік иесі рұқсат алу үшін әлі күнге дейін өтініш бермеген екен.

Осынау жиыннан кейін Шымкент қалалық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева мектеп тапшылығы мәселесін қалай шешетінін айтып берді. Оның сөзінше, алдағы уақытта жаңа мектептер мемлекет бюджетінен емес, жекеменшік азаматтардың есебінен салынады.

«Қазір жекеменшік балабақшалар «Балапан» бағдарламасымен дотация алып жатыр. Бұрындары өздеріңіз білесіздер жекеменшік балабақшалар саны 10-15 тен аспайтын. Бес жылдың өзінде бір Шымкентте жекеменшік балабақша саны 500-ге жетті. Қазір балаларды балабақшаға орналастыру мәселесі 100 пайызға шешілді. Бүгінде ата-аналар балабақшаларды өздері таңдайтын жағдайға жетті. Дәл осы бағытта үкіметтің өзі жекеменшік мектеп ашуға дотацияларды көптеп бөлуде. Бір айдың өзінде біздің департамент тарапынан 14 жекеменшік мектеп ашылды. Оның бірі шетелден ұстаздар шақыртып оқытып жатыр. Яғни, жекеменшік мектептер арасында бәсекелестік пайда болды. Өйткені үкімет оларға дотация береді. Тек дотация алып балаларды тегін оқытып жатқан мектептер өте көп. Шымкенттің бір «Нұрсәт» шағын ауданынан лицензия алуға 4 сұраныс жатыр»- деді ол.

Яғни, жаңа жылдан бастап Шымкентте жекеменшік мектептердің саны артатын көрінеді. Бұл өз кезегінде мегаполистегі білім ошағының жетіспеушілігі мәселесін шешетін болады.

Дегенмен ұстаздар жағы жекеменшік мектептердің ұтымсыз тұстарын да ашып айтты.

«Жекеменшік мектептер жұмысқа келісімшартпен бір жылға ғана алады. Ол мемлекеттік мектептердегідей шексіз мерзімде болу керек қой. Сондықтан мамандар бір жылдан кейін жұмыстан шығарып жіберсе, мен қайда барамын деп ойланады. Содан кейін оларға категория төлену керек, еңбекке жарамсыздығы да төлену керек, мемлекеттік мектептердегідей демалыс ақыға қосымша жәрдемақы қарастырылу керек. Соның бәрін қосымша қарастырса, мүмкін келешекте теңесіп кететін шығар», – дейді Шымкенттегі №80 жалпы орта мектеп директоры Сәуле Жантөреқызы.

Арай Есенбек, Шымкент

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Шымкент #оқушы