Оқушылар «Балапан» мен «Еларнадан» қосымша сабақ алады
Алтыншы сәуірден бастап оқушылар қашықтан оқуға ауысады
Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
«2020 жылғы алтыншы сәуірден бастап қазақстандық мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Қазір білім және ғылым министрлігі ұйымдастыру механизмдерін пысықтауда. Бұл жөнінде барлық жаңалықты жақын уақытта хабарлаймыз. Сондықтан, түсіністік танытып, ресми мәлімдемені күтуін сұраймыз. Қазір мектеп мен мұғалімдерді сұрақ астына алып, айыптаудың реті жоқ. Бұл мәселе үкіметтің құзіретінде.
Біз барлығын алдын ала хабарлаймыз. Осыған орай, қосымша шара ретінде Еларна және Балапан арналарынан оқушыларға арналған видеосабақтар көрсетіледі. Бірақ, бұл негізгі емес, қосымша шара. Осыны қайталап айтқым келеді. Аталған видеосабақтарды Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Олар Балапан арнасында қазақ тілінде, ал Еларнада орыс тілінде көрсетіледі», - деп хабарлады Абаев.