«Аптасына үш рет 4 сағаттан ем қабылдайды»: Сыдықбек Жүрсін Ерман жайлы
Ақын емін жалғастырып жатыр

Танымал әзілкеш Олжас Сыдықбек ақын Жүрсін Ерманның үйіне барып жағдайын білгенін айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Жүрсін ағаға сәлем бере үйіне келдім. Хал сұрасып, жағдай білісіп, екі-үш сағат отырып әңгімелестік. Бақытжамал апай дастархан жайды. Қызыл-күрең шәй үстінде отырып біраз өткен-кеткенді еске алдық. Ағаның “Деген екендерін” айттық. Өзінің есінде қалмаған, ұмытып қалған әңгімелерін де айтып, еске түсірдік. Риза боп, көңілі жадырап қалды», - деді танымал әзілкеш Олжас Сыдықбек.
Ол атағандай, Жүрсін аға қазір емін жалғастырып жатыр.
«Аптасына үш рет 4 сағаттан ауруханада жатып, процедураларын қабылдайды екен. Алла шипасын берсін! Тезірек сауығып кетуін тілейміз», - деді ол.
Пікір қалдырушылар Жүрсін Ерманның тезірек сауығуын тілеген.
«Айтыстың атасы Жүрсін аға Аллам шипа берсін. Көп тілеуі көл дейді. Аллам халқыңның тілегін қабыл алып, сауығып кетіңіз! Олжас бауырым жарайсың. Қазақтың маңдайына біткен азаматы, сөз өнерінің жанашыры Жүрсін ағамыз, тезірек жазылып кетіңіз! Алла шипасын берсін! Даусыңызды сағындық», - деп жазды олар.