Өскеменде көшеде қайыр сұрап отырған әйел жауапқа тартылды
Қала тұрғындары оның қолындағы бүлдіршіннің денсаулығына алаңдаушылық танытты
Әлеуметтік желілерде Б. Александров атындағы спорт сарайының маңындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінде түсірілген бейнеролик тарады. Онда қала тұрғындары видеоға қайыр сұрап отырған әйелді түсіріп алған. Өскемендіктер әйелдің қолында үнемі ұйқыда жататын кішкентай қызды байқап, бүлдіршіннің денсаулығына алаңдаушылық танытқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Yk-news.kz-ке сілтеме жасап.
«Аталған факті бойынша тексеру жүргізілді. Әйел Әкімшілік кодекстің 449-бабы (қоғамдық орындарда қудалау), 492-бабы (Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полициядағылар кішкентай қыз қайыр сұраушы әйелдің немересі екенін мәлімдеді.
Бала әжесімен қалды ма, әлде оны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына апарды ма белгісіз.