Астанадағы көпқабатты үйлер өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді
Бүгінде қалада ережесі бұзылған 26 көпқабатты үй бар

Астанадағы бірқатар көпқабатты үй өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді. Көпқабатты үйлердің ауласына өтетін жолдың тар екенін байқауға болады. Кенеттен апатты жағдай болса, өрт сөндіру көліктерінің өтуі екіталай. Сәйкесінше тұрғындарды құтқару мен өртті сөндіру шаралары қиындай түседі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Бұған, әрине, тұрғын үйді салған мердігер компанияларының салғырттығы себеп. Өйткені қауіпсіздік нормаларына сәйкес үйдің ауласына арнайы техника өте алатындай жол болу керек. Сондай-ақ кешендердің бір-біріне тым жақын орналаспауы маңызды. Бүгінде Астанада ережесі бұзылған 26 көпқабатты үй бар.
Бұрын Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жауапты мердігерге құрылыстағы белгілі бір қателіктерді соқырға таяқ ұстатқандай көрсете алатын еді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Себебі төтеншеліктер жаңа үйлерді тапсыру жөніндегі комиссияның құрамынан 2016 жылы шығарылған.
Енді тұрғын үйлердегі қауіпсіздік ережелерін күшейту үшін жаңа жоба әзірленіп жатыр. Оның аясы кең дейді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков.
«Өрт қауіпсіздігі бойынша жеке жоба әзірленіп жатыр. Оның аясында автотұрақтарда өрт сөндіру мен адамдардың көп шоғырланатын жерлерінде ескерту жүйелері қарастырылады. Сондай-ақ көпқабатты үйлерде жалын шарпыса, техниканың апат орнына тез жетуі де назарға алынады. Алдағы уақытта жоба мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Одан өткен соң мердігер компаниялар құрылыс жұмыстарын бастай алады», - деді Виктор Микрюков.
Ал бүгінгі күні тұрғын үйлердегі қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталса, өрт сөндірушілер тек акт толтырып, оны құзырлы органдарға жібереді. Мердігер құрылыс компаниясы тек айыппұлмен құтылып кетеді. Яғни, ол үшін арнайы жауапкершілік қарастырылмаған дейді мамандар. Ал алдағы уақытта қателіктерді болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары арнайы комиссия құрамына қайта кіруге ниет білдіріп отыр.