Шымкентте заңсыз құрылыс жүргізгендерге 81 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Мамандар шаһар тұрғындары тарапынан арыз-шағым көбейгенін айтады
Шымкентте заңсыз құрылыс жүргізгендерге 81 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сәулеттік-жобалау талаптарын бұзып, бейберекет құрылысқа қатысты 165 хаттама толтырылған. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандар шаһар тұрғындары тарапынан арыз-шағым көбейгенін айтады. Себебі тұрғын үй кешендерінің маңында аяқ алып жүретін жер мен автокөліктердің тұрағына орын қалмаған. Сонымен қатар уәделі әлеуметтік нысандардың учаскесінде өзге де ғимараттар салынып, қоршауға алынған. Тексеріс нәтижесінде заңсыз салынған 31 нысанды сүру туралы шешім қабылданды.
«Қазір құрылыс нысандарын бұзу бойынша 31 материал сотқа жолданған. Оның 18-іне мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шыққан. Дәлірек айтқанда, 8 сот орындаушы палатасына жолданған. Яғни сот орындаушылармен бірге жұмыс атқаруға. Төртеуі сот шешіміне сәйкес бұзылды. Қазіргі таңда тағы төртеуі аппеляциялық сотта қаралуда», - деді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы.