АҚШ-тан инвестиция ағыны 82%-ға өсті – СІМ
Жалпы инвестиция көлемі 60 млрд долларды құраған
Астанада екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев пен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті,деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің перспективалы бағыттарын, сондай-ақ елдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысын талқылады.
Ардақ Зебешев АҚШ жалпы инвестиция көлемі 60 миллиард доллардан асатын Қазақстан экономикасына стратегиялық және ірі шетелдік инвесторлардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан экономиканың өндіріс және тау-кен, фармацевтика, ҚХА және өзге салаларында жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі.
Өз кезегінде Дэниел Розенблюм АҚШ-тың G7 мемлекеттері ұсынған Жаһандық инфрақұрылымдық бастама (PGII) үшін серіктестік аясында Транскаспийлік «Орта дәліз» инфрақұрылымын және басқа да көліктік сауда бағыттарын дамытуға бел байлағанын атап өтті. Ол ағымдағы жылдың маусым айында АҚШ Сауда миссиясының сәтті сапары тараптардың экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға деген өзара ұмтылысын білдіретінін атап өтті.
KAZAKH INVEST басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов ұлттық компанияның қызметі, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып өтті, сонымен қатар Honeywell, GE Helthcare, Wabtec, Pfizer сияқты трансұлттық американдық компаниялардың жаңа жобаларына кеңінен тоқталды.