Білім беру грантына үміткерлер арасында қай мамандықтарға сұраныс көп
Биыл грант тағайындау конкурсына 83 мың өтініш түскен
19 шілдеге дейін білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 83 мың өтініш келіп түсті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство хабарлауынша, талапкерлердің басым бөлігі құжаттарын үш республикалық маңызы бар қаланың жоғары оқу орындарына тапсырып жатыр: Алматы (34 мың), Астана (16 мың) және Шымкент (5 мың).
Талапкерлердің таңдауы ішінде ең сұранысқа ие бағыттар қатарында:
- «Педагогикалық ғылымдар» (22 мың);
- «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» (16 мың);
- «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (11 мың) болып отыр.
Білім беру бағдарламаларының тобына келетін болсақ, ең көп өтініш «Ақпараттық технологиялар» – 9 мың. Ары қарай «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» 5 мың өтініш келіп түскен. Үшінші орында – «Медицина», оны 4 мың талапкер таңдаған.
« 20 шілде грант конкурсына өтініштер қабылдаудың соңғы күні болып табылады. Құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе жоо-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейтін болады. Құжаттарды кез келген жоо (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады», - деп ескертеді мамандар.