Түркістан облысында 5 жасар қыздың өлімінен кейін аудандық сот төрағасы қызметінен босатылды
Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған еді
Жоғарғы сот тарапынан үстіміздегі жылдың мамыр айында кәмелетке толмаған қызды өлтірген күдіктіге қатысты заңсыз үкім шығару фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, іс Түркістан облысының Сарыағаш аудандық сотында қаралған.
Айта кетейік, бұған дейін 13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты.
Ұсталған күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
Нәтижесінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Шетенов Нурқазы Бектайұлын қызметінен босату туралы мәселе қозғалды.
Анықтама: Шетенов Нурқазы Бектайұлы 1 мамыр 1978 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданында дүниеге келген.
1997 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Шымкент заң колледжін, 2003 жылы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ тамамдаған, мамандығы - заңгер.
1995-2004 ж.ж аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер органдарында учаскелік полиция инспекторы, анықтаушы, тергеуші, аға тергеуші, ОҚО Алтыншы басқармасының, Есірткі саудасына қарсы күрес басқармаларында жедел уәкіл қызметтерін атқарған.
2004-2007 жылдары аралығында ОҚО, Қазығұрт ауданы әкімінің заң кеңесшісі, 2007-2010 жылдары аралығында «Бейбарс и К», «Төлеби Мұнай Газ» ЖШС-де заңгер қызметтерін атқарған.
2010-2016 ж.ж. аралығында ОҚО, Сайрам аудандық сотының судьясы лауазымын атқарған.
2016-2020 ж.ж. аралығында Созақ аудандық сотының төрағасы лауазымын атқарған.
21.10.2020 жылдан бастап Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды