Бақытжан Базарбек желіде тараған казинодағы фотосына қатысты түсінік берді
Депутаттың сөзінше, желіде тарап кеткен фото 7 ай бұрын түсірілген
Әлеуметтік желілерде Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің казинода отырған фотосы тарады. Осы орайда халық қалаулысы жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Фото осыдан 7 ай бұрын, мен Мәжіліс депутаты болмай тұрып түсірілген», - деп жазды Бақытжан Базарбек Фейсбук парақшасында.
Мәлімдеуінше, Мәжіліске дейін ол жер мәселелері бойынша коммерциялық заңгер болып жұмыс істеген. Бұрын-соңды мемлекеттік қызметтерде жұмыс істемеген.
«Коммерциялық заңгер ретінде уақытымды қайда және қалай өткізуді жеке мәселе деп ойлаймын», дейді халық қалаулысы.
Сондай-ақ, Б.Базарбек фотосының желіде тарауын соңғы уақытта Мәжіліс трибунасында өзекті және жер мәселелерін көтеруімен байланыстырады.
«Ойын бизнесіне қарсымын, тыйым салуды қолдаймын. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы отырысында айтқан болатынмын. Ойын бизнесіне тыйым салу керектігі туралы петиция жарияланса бірінші болып мен қол қоямын», делінген жазбада.