Елена Рыбакина Уимблдондағы екінші жеңісіне қол жеткізді
Елена Рыбакина енді төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 89-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултермен таласады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Өткен жылы осы жарыстың жеңімпазы атанған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, екеуінде де Елена басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина бірден брейк жасап, алға кетті – 6:2.
Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, есеп 5:5 болып, Рыбакина доп бергенде, Корне медициналық көмекке жүгінді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2).
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 4 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 89-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултермен таласады. Ол екінші матчында рейтингте өзінен он саты төмен тұрған болгариялық Виктория Томованы ұтты – 6:0, 3:6, 6:3.