«Оны бұлдап айту, қайтарым алғыс күту менің болмысымда жоқ»: Зайытов жұмыс қорытындысы мен жоспарлары жайлы
Депутат өңірлерге сапарын Абай облысынан бастайды

Парламенттің бірінші сессиясы VIII шақырылымы өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін Парламенттің қос палатасының жалпы отырысында палаталардың жұмысы қорытындыланып, депутаттар каникулға кетті. Енді депутаттардың өңірлерге сапары басталады. Осы орайда Парламенттің бірінші сессиясының қорытындысы мен алдағы жоспарлары туралы «AMANAT» партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтып берді.
ПАРЛАМЕНТТІҢ БІРІНШІ СЕССИЯСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
«Мен өз тарапымнан айтатын болсам, Үкімет пен Парламенттің қарым-қатынасы мүлдем басқа, оны мойындау керек. Көпшілік көріп те жүр. Осы сессияның мақтанып айтатыны - Парламент жұмысының бұрынғы жағдайынан 180 гардусқа бетбұрыс жасап, басқа бағытта жұмыс істеуі. Мұның өзі осы шақырылымның басты жетістігі. Сессия барысында қабылданған заңдардың ішінде «Кәсіби біліктілік» пен «Активтерді елге қайтару туралы» заңды атап айтуға болады. Әрине, оны айтып, сынап жатқан адамдар көп. Бірақ кез келген заңның тетігі жұмыс істейтін болса, заңды жұмыс істете алатын болсақ, сөзсіз нәтиже беретіні анық. Сондықтан осы сессияда біздің мақтанышпен айтатынымыз, осы заңдарды керекті талқылаудан өткізіп, қабылдата алғанымыз. Бұның өзі аз жетістік емес, 100 күннің ішінде жасалған үлкен нәтиже», - деді Зайытов.
Сондай-ақ, депутат «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумын да жұмыс нәтижесі ретінде атады.
«Бұл «AMANAT» партиясының форумы болғанымен, тікелей Парламентке, мәслихатқа қатысы бар жұмыс. Ол да бір жетістік. Қазір өңірлерге жұмыс басталады. Күзде өңірлермен кездесудің нәтижесін Папрламентте көресіздер ғой деп ойлаймын. Әрбір депутат өңірлердегі проблемаларды жинастырып алып келіп, жүйеге салып, осы жерде ойға салып електеп, кешенді түрде іске асыруды қолға аламыз. Бұл біздің іске асып жатқан жұмысымымыздың нәтижесі деп ойлаймын», - деді ол.
Депутат осыған дейін депутаттық сауалдарында Маралдыда алтын фабрикасының салынуына қарсы халықтың назын жеткізген еді.
«Тілге тиек ететін болсам, Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының маңынан бірнеше талаптарды өрескел бұзып, жұмыс жүргізгелі жатқан алтын өндіруші фабрикаларын салуға жергілікті халықтың қарсылығын неге естімейміз? Абай облысындағы Аягөз өзені су деңгейінің 2018 жылмен 2022 жылдар аралығындағы жоғарғы көрсеткіші Балтық жүйесі бойынша 558 см-ден 162-смге төмендеуіне не себеп? Бұған да жауап бере алатындарыңызға күмәнім бар. Өйткені, Аягөз ауданында эколог маманы да жоқ», - деген еді депутат өз сауалында.
Бұл мәселені Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің тілшісі де көтеріп, сараптамалық материал дайындаған еді.
Зайытов осы мәселе бойынша да жұмыстың тоқталғанын атап өтті.
«Ол жердегі жұмыстар түгел тоқтады деген ақпарат бізге келді. Мен өтірік айтпайын, ол жерге жоспарлы түрде бара алмаймын. Себебі Абай облысына өзім сұрандым. Маралды Шығыс Қазақстан облысының аймағы болғандықтан, ресми бара алмаймын. Бірақ бейресими түрде міндетті түрде барамыз. Себебі, ол біздің жылда баратын жеріміз. Сол жердегі тұрғылықты халықпен үнемі байланыстамын. Олар жұмысты тоқтатқан жоқ деп айтып жатыр. Біз кеше тура сол бойынша сөйлескенде министрлік кесіп жауап берді. Сондықтан ол жерге бару керек», - деді Ринат Зайытов.
Мәжіліс депутаты өзінің сауалы арқылы шешілген мәселелерді тізуге қарсы екенін айтты.
«Мен мынаны шештім, мынаны көтердім дегеннен аулақпын. Егер менің істеп жатқан дүниелерімнен елге титтей де болсын пайдасы тиіп жатса, маған сол жеткілікті. Оны бұлдап айту, одан қайтарым алғыс күту менің болмысымда жоқ», - деді ол.
Сонымен қатар, Ринат Зайытов кітапханашылардың жалақысы туралы да мәселені көтеріп, сауал жолдаған болатын.
«Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Ол аз десеңіз, Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бірнеше өнер ұжымдары да бар. Ғ.Мүсіреповтің «Адам өнерді қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қорғауға міндетті» деген насихат сөзі бар. Өкінішке қарай, біз бүгінгі күнде мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырдық», - деген еді Мәжіліс депутаты.
Депутат мәдениет қызметкерлерінің жалақысы тікелей өзінің жауапкершлігіндегі мәселе екенін айтты.
«Бұл Үкімет пен біздің бірлескен жұмыстың нәтижесі болуы керек. «AMANAT» партиясының алға қойған жоспарында тікелей маған жүктелген міндеттердің бірі - осы мәдениет және архив қызметкерлерінің айлығын 100 пайызға арттыру. Бұл бағыт бойынша жұмыс астқарылып жатыр. Қазір 20 пайызға арттырдық. Күзде қайта келіп, Тамара Қасымқызы екеуміз осы бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Мәдениет және архив қызметкерлерінің тек айлығын өсіру ғана емес, алдында айтқан олардың санаттарын анықтау да кіреді», - деді Ринат Зайытов.
Депутат осы шақырылымдағы депутаттарға қатысты әр тарап әрқилы пікір айтатынын да айтты.
«Осы уақытқа дейін үндемей отыратын депутаттар отырады деді. Енді сөйлейтіндер келіп еді, популистер келді деп айтып жатыр. Бұл тек ұтылған жақтың сөзі деп қабылдаңыздар. Қай шақырылым дұрыс нәтиже береді, сол шақырылым дұрыс жұмыс істеп жатыр деген сөз. Қазіргі жастардан жалын байқадым, көп жастың мәселесі бізде талқыланып жатыр. Синтетикалық есірткіден бастап, кәсіби біліктілік, оқу-ағарту, мектеп саласындағы мәселе өте көп. Ең біріншіден болашақтың проблемасын ойлайтын жастар көп келді», - деді ол.
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ДОМБЫРА
Оған қоса депутат Үкіметтен келетін заң жобаларының сапасын сынады. Зайытов осыған дейін де «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасы» жобасында бірқатар қатені айтқан болатын.
«Бағдарламаларыңызды жазған адамға дұғай сәлем. Қазақшасында «неудовлетвори́тельный» дегенді қанағаттанарлықсыз деп қарастыруға болады. Бірақ «критический» деген сыни деген сөз емес. Мен қазақ тілі мен әдебиеті маманы ретінде айтамын. Сын көтермейтін дейді қазақша. «Экстренный» деген шұғыл емес, ол «срочный» деген сөз, бұл жерде күттірмейді деп аударылады. Келесі жолы осындайларға назар аударыңыздар», - деген еді депутат.
«Қазір бізде қазақ тілінің үдерісі қатты болғандықтан, бұл олқылықтар жолай түзелуі керек. Кейде біз өзіміз таңғаламыз. Заңдар келеді, аудармасы қате. Әрбір министрлікте сауатты мамандар болуы керек. Оны тіл білімі институты да, қазіргі филолог мамандар да қамтамасыз ете алады. Неге олай жұмыс істеп жатқанын», - деді халық қалаулысы.
Ринат Зайытов ұлттық аспап - домбыраға қатысты да бірқатар мәселені көтерген болатын.
«Біріншіден, қазір әуе компанияларында қазақтық ұлттық аспаптарына қарсы, әдейі бір жоспар құрып жатқан сияқты. Домбыраның ішінде бір де бір металл жоқ. Оның құрамында қойдың ішегі мен қарағайдың ағашынан басқа ештеңе жоқ. Ол ешқандай зияны жоқ ұлттық аспап. Екіншіден, «Нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп ақын Қадыр мырза Әли айтпақшы, бұл – мемлекетіміздің айнасы. Әуе компанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Кімдікі, қалай болса да, мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың ұлттық 4-5 аспабы бар. Оларды ұшаққа кіргізуге рұқсат беріңіздер. Егер рұқсат берілмесе, қолдарыңыздан келмесе, онда Астана мен Алматы әуежайына жоқ дегенде мың домбырашыны қойып, «Адай» күйін орындап, жалынып сұрайық», - деген еді депутат мамырдағы өз сауалында.
Депутат бұл мәселеге қатысты наразылығы күшеймесе, азаймағанын айтты.
«Қазір біз ашық хат түрінде немесе сұхбат түрінде беруді жоспарлап отырмыз. Бұл жалғыз Айшолпанның (ақын, әнші – автор) мәселесі емес қой. Домбыраның мәселесі оған дейін де, кейін де болып жатыр. Жаңсақ пікірден аулақ болуымыз керек. Айшолпан айтты, содан кейін бұл мәселе көтерілді деу дұрыс емес. Оған дейін де домбыраның мәселесі болды. Ол шешілгенше, біз тоқтамаймыз. Ол домбыраны жарқын қолдады. Сол үшін де таралды», - деді Ринат Зайытов.
ІШКІ ТУРИЗМ МӘСЕЛЕСІ
«Демалыста Абай облысына баруды сұранып алдым. Демалыста шетелге демалуға бармаймын. Мен әрі кетсе Алакөлге барамын. Аягөз бен Семейдің жолын көру үшін ертең жолға шығамын. Абай облысында нақты бір ай боламын. Қалған уақытта өзге де жұмыстарым бар. Осында отбасымды көшіріп алайын. Қазақстаннан шықпаймын ғой. Бұрын баратынмын шетелге. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бір әулеттің шетелге барып келуі үшін кемінде 2-3 млн теңге ақша керек. Бұрын табыстың ауқымы үлкен кезде баруға мүмкіндік болды. Қазір бір жағынан Қазақстанның туризмі жақсы деңгейде дамып келеді. Екіншіден, жаңағы айтқандай, ондай мүмкіндік жоқ. Оны қарастырып, іздеп жатқан жоқпын. Шетелге бару мен үшін қатты қажет дүние емес», - деді Зайытов.
Ол Қазақстанның ішінде демалу арзанға түспейді деген сауалға жауап берді.
«Бәлкім, солай көрінетін шығар. Бірақ менің сәл «плюсім» бар ғой ақын деген. Мұқағали Мақатаев айтпақшы, «қазақтың қай үйіне барсам да, алдымнан ақ дастархан жайған кілем» демекші, қазақтың қай үйіне барсам да, кеңдікпен қарсы алып, бір табақ ет жейтіндей мүмкіндік бар. Бірінші кезекте депутат деп емес, ақын деп қарсы алады», - деді ол.
Ринат Зайытов Қазақстанның туризмі жайлы өз ойын айтты.
«Әр өңірде туризм әртүрлі дамыған. Мен өзім баратын Алакөлді, Ақтауды, Бурабайдағы туризм жақсы деңгейде дамыған деп ойлаймын. Әрине, біз Балқаштың, Бұқтырманың, Сібенің бес көлі барлығы солай дамыса екен дейміз. Түркістан облысында шетелдік туризм жақсы дамып жатыр», - деді депутат.
Еске салсақ, бұл сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды.