«Әкімге сенбейміз»: маралдылықтар жаңа фабриканың құрылысына қарсы
Ауыл тұрғындары 1,5 жылдан бері наразылық танытып келеді
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылдық округінің аумағында кен өндіруді және цианид пайдаланатын алтын өндіру фабрикасының құрылысын тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ауыл Өскеменнен 300 шақырым жерде орналасқан. Фабрика салынуына қарсы наразалықтар 1,5 жылға созылып отыр. Алайда ешбір нәтиже берер емес.
ФАБРИКА САЛУ – АПАТ
Маралды ауылының тумалары, белсенді азаматтар 1 мың қол жиналған хатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізуді көздейді.
Ауыл тумасы Назархан Уәлиев бұл мәселе қанша уақыт көтерілсе де, мәселе нақты шешімін таппай отырғанын айтады. Яғни, зауыт салынбайтыны туралы бұйрық берілмеген.
«Біздің қозғап отырған мәселеміз – өзіміздің туған жеріміздің экологиялық келбетін сақтап қалу. Қазір олар зауыт салу үшін карьер қазуды бастады. Оның қасындағы зауытта цианид пайдаланатын алтын өндіру жүзеге асырылмақ. Зауыт салынғалы тұрған жерде бұлақтың 7 бастауы тұр. 7 бұлақтың үшеуінің көзін жауып тастаған. Қасындағы бастаулар екі өзенге құйылады. Маралды өзені Күршімге құйылады. Ал Күршім Ертістің ең үлкен сағасы болып есептеледі. Бұл зауыттың құрылысы жүзеге асырылса, экологиялық апат болады. Ал бұл аймақ Қазақстанның ірі сулы жасыл массивін құрайды, өсімдіктері, жануарлары мен балықтары Қызыл кітапқа енгізілген», - дейді Н. Уәлиев.
Белсендінің айтуынша, Кеңес кезінде карьер қазылып жатқан жердің астында шахталар болған.
«Яғни, ашық өндіру болмаған. Шахталар консервацияға жабылған. Енді соның үстін ашық карьер қылып ашып алмақшы. Оны қасындағы зауытқа әкеліп салмақшы. Зауыт ол жерде натрий цианиді ертіндісі арқылы алтын өндіруді жүзеге асырады», - дейді ол.
Ал Талғат Исин осы зауыттың мәселесіне қатысты наразылықтар бір жылдан астам уақытқа созылғанын айтты.
«Жарты жыл олар іс-қағаздарын жасады. Халық та оның өзектілігін түсінбеді. Карьер ауылдың іргесінде орналасқан, ал фабрика таудың үстінен салынбақшы екен. Оның қасында карьер бар. Біздің тәуелсіз сарапшылар таулы аймақта цианидті пайдаланып зауыт салу үлкен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін екенін айтып жағасын ұстап отыр. Зауыттан аққан цианид өзенге қосылады. Ол өзеннің сағасы Ертіске құяды. Ар жағы экологиялық апат деп есептей беріңіздер», - дейді Исин.
МАРАЛДЫ НЕСІМЕН ТАНЫМАЛ?
Ортаорыстық араның таза тұқымын Маралды ауылының омарташылары ғана сақтап қалған. Бұл ауыл табиғи балымен ғана емес, табиғатының әсемдігімен де танымал.
Ауыл Кеңес одағы кезінде 3-4 мың халқы бар егін, омарта, қой шаруашылығымен айналысқан жер болған.
«Қазір ауылда 500-600 адам тұрып жатыр. Олар мал ұстайды, омарташылықтары бар. Береке-бірлік бар. Соңғы бір жылда компания жекелеген адамдарға көмір береміз, ақша береміз деп іріткі салып, берекелерін кетірмек болған. Бірақ ауыл тұрғындары бірауыздан фабриканың салынуына қарсы болып, материалдық көмектен бас тартып жатыр. Олар осы уақытқа дейін түсінбеген. Біз оларды ақпараттандырып, барлығын түсіндірдік», - дейді Назархан Уәлиев.
Маралды Қатонқарағай мен Марқакөлдің ортасында тұр. Яғни, оны екі ұлттық парк қоршап тұр.
«Ресейден көп турист келеді. Ауылымыздың табиғаты әсем, ауасы саф, өзені тұнық. Балалардың барлығы өзенге барып, балық аулап, тынығады. Бұл жерді құртса, не болатынын білмейміз. Мысалы, біздің жасымыз 60-қа келіп қалды. Ұрпағымызға нені аманат етеміз? Осындай жерлерді құртып алсақ, не болмақ? Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке де айттық. «Қараймыз, тексереміз» деді. Бірақ Даниал Ахметовке үміт артып отырғанымыз жоқ. Шығыс Қазақстанның барлығы орнынан қашан кетеді деп тілеп отыр. Отырғанына 8 жыл болды», - дейді белсенділер.
«БІЗ ФАБРИКАҒА ҚАРСЫМЫЗ»
Фабриканың салынуына рұқсат беріп отырған – облыс әкімдігі. Себебі құрылысқа экологиялық рұқсат берген ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.
Маралды тұрғындары наразылықтарын білдіру мақсатында әр үйдің сыртына «Біз фабрикаға қарсымыз» деген плакаттар іліп қойған.
Фабрика құрылысы мен алтын қазуды екі компания жүзеге асырмақ. «ВСАМ продакшн» ЖШС құрылысқа, ал алтын қазушы «Maralikha» тау-кен компаниясы» ЖШС жауапты.
Белсенділердің айтуынша, бұл компания тек 2021 жылы тіркелген. Мұндай тәжірибесі өте аз компанияға жауапты жұмысты беру – үлкен жауапкершілік. Жерді пайдалануға рұқсатты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі берген.
«Қазір карьер қазып жатқандарына жарты жыл болды. Бірақ қоғамдық тыңдау екі-үш күн бұрын болды. Жерді заңсыз пайдалану жарты жыл бұрын басталса да, ресми құжаттарды енді көрсетіп жатыр», - дейді Назархан Уәлиев.
Айтқандай, жақында бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткен. Оған барлаушы және құрылыс компаниялары да қатысты. Алайда олар тұрғындардың ешбір жауабына жауап бермей, олардың талаптарын ғана жазып алған.
Қоғамдық тыңдауда Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев тұрғындарға бұл мәселе мәселе оның деңгейінде шешілмейтінін айтқан.
«Мен бұл жерге (Маралдыға– авт.) қанша мәрте келдім. Бұл менің деңгейімде шешілмейді. Министрлік немесе Президент деңгейінде ғана шешіледі. Ұнаса да, ұнамаса да, осы. Құрғақ сөзбен сіздерді алдамаймын», - деді әкім.
Ауыл тумасы осы фабрика құрылысына қарсы белсенділік танытып жүрген жанашыр азаматтарға құқық қорғау органдары тарапынан қысым көрсетілгенін айтады.
«Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қоғамдық тыңдауда белсенді өз пікірін білдіріп, БАҚ-қа сұхбат берген. Оған органның қызметкері «егер митинг болып, әлеуметтік зиян келсе, сендер сотталасыңдар» деп ескерткен. Бұл да үнді өшірудің бір жолы деп ойлаймыз», - дейді белсенділер.
Белсенділердің айтуынша, цианид орналасқан ыдыстар таудың жотасына орналастырылмақ. Қыста 2 метр жауған қар еріп, өзенге ақса, өзен арқылы Ертіске құяды. Бұл сондағы барлық тірі ағзаға әсер етеді.
«Шығыс Қазақстан сейсмикалық аймақ болып саналады. Ертең жерасты дүмпулері, шағын жер сілкіністері болса, цианид ауылға ағуы мүмкін. Ал ол улы зат жүз жылдап жата береді. Кесірі орасан. Былтыр «КамАЗ» көліктерін кіргізіп, жұмыс істемекші болғанда, ауыл тұрғындары көпірді жауып тастаған. Көпір 1985 жылы салынған. Ол 20 тонналық қана болған. Одан бері 40 жыл уақыт өтті. Белгісін 70 тонна қылып қойған. Шығыста ондай көпір жоқ»,- дейді Назархан Уәлиев.
«Тағы бір алаңдататыны – су мәселесі. Ауылдың барлық тұрғыны өзеннен таза су алып отыр. Қазақстанда таза, ауыз су жоқ. Бұл – Маралдыдағы таза суды ластау ғой», - дейді тұрғындар.
Azattyq Ruhy тілшісі Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектен Маралдыдағы фабрикаға қатысты мәселені сұрап көрген еді.
«Мен ол мәселені естідім. Материалдар қолыма түссе, тексерісті ашуға дайынмын. Бізде республикалық жер комиссиясы бар. Аталған дерек бойынша құқықтық органдарды тартуға дайынмын. Себебі мен Жер комиссиясы төрағасының орынбасарымын. Мен өз өкілеттігімді және депутаттық құзырымды пайдаланып, тексерісті ашағу дайынмын», - деді Б. Базарбек.
ЦИАНИДТІ АПАТТАР
Дүниежүзілік тарихта мысалдар жеткілікті: мысалы, 2000 жылы Румынияның Байя-Маре қаласындағы осындай алтын өндіру зауытында Дунай өзеніне цианид ағып, апат болды. Еуроодақ бұл апатты Еуропадағы Чернобыль атом электр станциясының апатынан кейінгі ең қауіпті экологиялық апат деп санады. 2,5 миллионға жуық еуропалық азамат тұтынған су ішуге жарамсыз болып шықты және Тиса өзенінің сол ластанған бөлігінде барлық тірішілік иесі қырылып қалған.
Тағы бір оқиға 1998 жылы Қырғыз Республикасындағы Құмтөр кен орнында болды. Алтын өндіруші компанияның жүк көлігі өзеннен өтетін көпірде апатқа ұшырап, 1 740 кг цианид Барысқын өзеніне төгілді, соның кесірінен 17 мыңға жуық адам зардап шекті, бірнеше адам шығыны да болған.
Сондай-ақ 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы Секисов ауылындағы оқиғаны айтуға болады. Елдімекенге жақын орналасқан алтын өндіру зауытында бөгет бұзылып, соның салдарынан Секисовка өзеніне цианид ағып, қоршаған ортаға және су ресурстарына орасан зор залал келтірілді, бірақ бұл жағдай әлі дұрыс бағаланбай келеді.
СОҢҒЫ МЕЖЕ – ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ
Ауыл тумаларының бұл мәселені көтеріп, «бармаған тауы, баспаған жері» қалмаған. Олар ШҚО әкімі, Премьер-министр, Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға хат жолдаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдамақшы.
«Біздің жағдайымыздағы компания 2021 жылы ғана тіркелген, яғни бұл салада тәжірибесі жоқ болса да экологияға қауіпті жобаға мемлекеттік органдардан рұқсат алған. Сондай-ақ аталған нысанға жер телімдерін беру кезінде Экология кодексінің, «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңның, Жер кодексінің талаптарын бұзу фактілері анықталды, бұл Шығыс Қазақстан облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің аудиторлық тексеруімен расталды. Жергілікті тұрғындардың пікірлері де (түбегейлі қарсы екенін көптеген қоғамдық тыңдаулардың нәтижелерінен көруге болады) ескерілмеді.Мұндай зиянды фабрика салу бүкіл Шығыс Қазақстанның фаунасының, флорасы мен экожүйесінің сөзсіз жойылуына әкеледі. Еліміздің туристік бизнес, мал шаруашылығы, асыл тұқымды омарта шаруашылығы және егін шаруашылығының нысандары бола алатын су және жасыл ресурстарға аса бай еместігін ескерсек (осы аймақта бонитет балы жоғары жерлер) бұл аймаққа табиғат қорғау аймағының мәртебесін берсе немесе оны Катонқарағай ұлттық паркімен біріктірген жөн болар еді», - делінген ашық хатта.