$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды – Мұқаев

Ол ресми деректерге енбей қалған лагерьлер бар екенін айтты

Балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды – Мұқаев
Коллаж: halyq-uni.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев балалар лагеріне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Тәрбие тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Бала тәрбиесі – бұл ұлттың тәрбиесі екенін ескерсек, балаларға дұрыс көңіл бөлу – кезек күттірмейтін мәселе. Оқушылар асыға күтетін жаз мезгілінде балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашты. Бірақ жаз мезгілінің алғашқы айы аяқталмай жатып әлеуметтік желіде желдей ескен Түркістан облысындағы бейнежазба ата-аналарды елең еткізді. Мұндай лагерь мәселесі тек биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Соңғы жылдарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр», - деді Д. Мұқаев.

Депутаттың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныпта оқитын балалардың 85,3 процентін қамтиды.

«Олардың жалпы саны – 2,8 млн адам. Соның ішінде жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар. Республика бойынша демалыс кезінде қала сыртындағы 218 (118-і – мемлекеттік, 100-і – жеке) және мектеп жанындағы 10,2 мың лагерь өз есігін ашады деп хабарлаған еді. Бұл тек ресми деректер. Ресми деректерге енбей қалған лагерьлер қаншама. Балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды. Жаз шықса болды, интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамалары көз тартады. Бұл лагерьлердің ұйымдастырушысы кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан рұқсат алу жеткілікті. Сонымен қатар лагерь жұмысын бірыңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгізілмеген. Мемлекеттік мекеме тарапынан нақты бақылау болмағандықтан, кей ата-аналар балаларына лагерь іздеп шетел асыру жағдайлары да кездесіп жатыр. Ел болашағын ойлайтын отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу үшін оларға барынша жағдай жасау – біздің басты міндетіміз», - деді ол.

Мұқаев ұрпақ тәрбиесінде жазғы сауықтару лагерьлерінің маңыздылығын ескере отырып, бірқатар ұсыныс жолдады.

«Біріншіден, жазғы уақытта балалардың сауықтару жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекіту керек. Лагерь ұйымдастырушылары міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь мазмұны мен материалдық-техникалық базаларына сәйкес тексеруден өтіп, лицензиялануы керек. Мүмкіндк болса, барлық лагерь орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал. Екіншіден, лагерьлерде бүгінгі таңда маман тапшылығы қатты сезілуде. Лагерьлердің басым көпшілігінде балаларды қарауға уақытша жұмыс ретінде студенттер тартылып жатады. Өз білімін толық жетілдірмеген студенттер мектеп оқушыларын қалай тәрбиелейді? Сондықтан лагерьде жұмыс жасайтын мамандарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, мамандандырылған ұстаздар тартылуы керек. Үшіншіден, лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де көп ата-ананың қалтасына ауыр келетінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жекеменшік лагерьлерден де талап етілуі керек», - деді ол.

Мұқаевтың айтуынша, кеңестік идеологиямен санамызға сіңген лагерь сөзін жазғы сауықтыру орталықтары сөзімен ауыстыратын уақыт жетті.

«Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатта екенін білеміз. Аты қорқынышты Карлаг, Алжир лагерлерінің пайда болу тарихы баршағы мәлім. Сондықтан ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор деп білемін. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары