AMANAT бағдарламасы бойынша ТКШ-ны жаңғырту – Кентаудағы ЖЭО-ны жөндеу жұмысы басталды
AMANAT партиясы ел аумағындағы ТКШ-инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмысына кірісті
Атап айтқанда, Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығын қайта жаңартуға партиялықтардың атсалысуымен бюджеттен 13,7 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығы сонау 1952 жылы бой көтерген еді. Осы жылдар аралығында желілердің тозығы жетіп, қаусап тұрған жайы бар. ЖЭО-ны қайта құру мәселесі AMANAT партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасына енгізілді.
«Сегіз қазандықты қайта жаңғырту үшін сметалық құжаттама әзірленді. Биыл алғашқы төртеуі жаңартылады. Жобаның жалпы құны – 13,7 млрд теңге. Республикалық бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлінеді. Партия бұл жұмысты өз бақылауына алып, сайлауалды уәдемізді толық орындаймыз», – деді AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.
Кентау қаласының тұрғындары 2012 жылдың қыс мезгілін әлі ұмыта қойған жоқ. Сол жылы ЖЭО-да апат болып, бүкіл қала жылусыз қалған еді. Бұған жабдықтың ескіруі мен көмірдің және мазуттың сапасыздығы себеп болды. Қазір бұл ЖЭО-ның қызметін 14 мың абонент пайдаланады. Бұл дегеніңіз – 347 көпқабатты тұрғын үй, жеке сектордағы 2000-нан астам баспана, 106 бюджеттік мекеме, 441 коммерциялық нысан.
«Жоғарғы қабаттарда қысым жоқ. Соның салдарынан тұрғындар ыстық суға қол жеткізе алмай отыр. Құбыр жарылып, жылу жоғалтып жатамыз. Сондықтан 81 шақырым желіні ауыстыру жөнінде шешім қабылдадық», – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов.
Сондай-ақ, биыл 1 қыркүйекке дейін сорғы стансаларын жаңғырту жұмысы жүргізіліп, 6,6 шақырым магистральдық құбыр ауыстырылады. Жалпы, ЖЭО басшылары алдағы жылу беру маусымында Кентау қаласының тұрғындары жылу мәселесімен бетпе-бет келмейді деп сендірді.
Еске сала кетейік, биыл ақпандағы сайлау науқаны барысында партияның Республикалық сайлауалды штабының мүшелері ЖЭО ұжымымен кездескен еді. Сол кезде AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кәсіпорынды жаңғыртуды қамтамасыз етіп, жөндеу жұмысын партиялық бақылауға алуды тапсырды.