Ақтөбе облысында жүк пойызы 25 қойды жапырып өтті
Оқыс оқиға Ақтөбе облысының Сарысай – Хромтау аралығында болған
Жүк пойызының машинисі темір жолдарда жануарлардың болуына байланысты соқтығысуды болдырмау мақсатында шұғыл тежеуді қолданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған. Пойыз сол арада 25 қойды жапырып өте шыққан. Оның 20-сы сол жерде өлді. Жоспарланбаған пойыз тұрағы 10 минутты құрады.
«Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері үй жануарларының иесін анықтады. Ол Ақтөбе облысының 64 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», делінген полиция хабарламасында.