$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.06.2023, 11:39
Қоғам

Президент: «Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым»

Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы басталды

Президент: «Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым»
Фото: akorda.kz

Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын Ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі басқосудың бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатқанын да атап өтті.

«Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары