«Баяғы қазақы болмысымызға сай»: Мәжіліс депутаттары Ұлттық құрылтай жайлы
Биыл Ұлттық құрылтай екінші рет өтеді

Биыл Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістан қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Мәжіліс депутаттары Ұлттық құрылтайдың идеологиялық маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Төменгі палата депутаты Ринат Зайытов Ұлттық құрылтайдың маңызын әлі де дұрыс түсінбей отырғанымызды айтты.
«Ұлттық құрылтай әуелі кеңес құратын, республиканың емін-еркін, баяғы қазақы болмысымызға сай өтуі керек. «Күлтегіннің басында күнде жиын» болып жатса да, біздің жалпы құрылтайымызда заң мен белгілі бір жоспарда көрсетілмеген ұлттық болмыстағы мәселелер қарастырылуы керек. Талқыланатын маңызды мәселелер өте көп. Тілге, салт-дәстүрге байланысты, кеше әуежайда болған (ұлттық домбыраны кіргізбеу – авт.) жағдайлар да бар. Біздің шеберлеріміз садақ пен қылышты жасап, сата алмай отыр. Себебі оны суық қару қатарына қосқан. Күлкілі жағдай ғой. Оның сыртында біздің ұлттық болмысымызға керек көп дүниелер бар. Қолөнер шеберлерінің де мәселесі. Бұл біздің ұрпаққа алып қалатын нәрселер. Сол үшін Құрылтайда барлық мәселе көтерілсе деймін», - деді Зайытов.
Депутат атағандай, Ұлттық Құрылтайда «қазақ» дейтін барлық азамат сөз сөйлеуі керек.
«Ұлтжанды деп айту да жаңсақ пікір шығар. Жасырмау керек. Біздің мемлекетімізде өзге ұлттың өкілі болса да, осы жерде туып өскенін жүрегіне сіңдіріп, осы мемлекеттің толық азаматы санап, мемлекет құндылықтарының сақталуына атсалысатын азаматтар да бар. Олардың да әрекеттерін құптауымыз керек», - деді Ринат Зайытов.
Өз кезегінде депутат Асхат Аймағамбетов Ұлттық құрылтайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, маңызды мәселелерді көтергенін айтты.
«Ұлттық құрылтайда еліміздің идеологиясына, ел болашағына әртүрлі салаға қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Менің ойымша, біз болашаққа бағытталған ел ретінде ауқымды мәселелер көтеріледі деп ойлаймын. Қоғамда талқыланып, пікірталас тудырып жатқан барлық мәселе Ұлттық құрылтайда өз жауабын табады деп үміттенемін», - деді Асхат Аймағамбетов.
Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Ұлттық құрылтай қызметінің негізгі мақсаты - қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту жөніндегі идеялар мен қадамдарды тұжырымдау.
Президент жарлықта Ұлттық құрылтайдың келесідей негізгі міндеттерін бекітті:
- қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу;
- жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;
- өз құзыретінің шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.
- Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтайдың төрағасынан, оның екі орынбасарынан, мүшелерден және хатшыдан тұрады.
- Ұлттық құрылтай құрамында:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев - Қазақстан Республикасының Президенті, төраға;
- Ерлан Тынымбайұлы Қарин - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, төрағаның орынбасары;
- Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай - "Бас редакторлар клубы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, төрағаның орынбасары;
- Аида Ғалымқызы Балаева - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, хатшы бар.
Құрылтайдың алғашқы отырысы биыл 16 маусымда Ұлытауда өткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың маңызы туралы айтқан еді.
«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.