Алматы облысында жекеге сатылып кеткен мектеп мемлекет меншігіне қайтарылды
Мектеп күрделі жөндеуден кейін 15 млн теңгеге сатылған
Алматы облысында күрделі жөндеуден кейін жеке қолға сатылып кеткен мектеп мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жалпы мектептердің тапшылығы анық. Бүгінде 51 үш ауысымды мектеп бар. Сатылған мектеп туралы айтсақ, біраз соттастық. 8 маусым күні алған адам мектепті өз еркімен Үкіметке қайтарып берді», - деді Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында мемлекеттік мектептің 15 млн теңгеге сатылып кеткені туралы мәселе қозғаған еді.
«Өткен аптада ғана өңірден келдім, сапармен. Сұмдық айтайын, біз бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломонов дейтін орта мектеп болған. 250 балаға арналған. Соңғы жылдары күрделі жөндеуден өтті. Жаңа спортзал салды, балалар қуанып жүргенде сол мектепті жеке қолға сатып жіберді», - деген еді депутат Мәжіліс отырысында.