«Оқу корпустары ойын-сауық орнына айналған»: Саиров ҚазҰАЗУ-дың заңсыз қолды болған активтері жайында
Ол Бас Прокуратура елімізде заңдылықты бақылап отыратын орган ретінде бірқатар қадамдар жасауды ұсынды
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ оқытушы-ғалымдары Мәжіліс депутаттарына университеттен заңсыз шыққан активтерді оқу орнына қайтару туралы өтініш жасады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Саировтың сөзінше, университет ұжымы басқа меншік иелеріне заңсыз өткен активтер тізімімен таныстырды.
«2001-2022 жылдары 3 студенттік жатақхана (1000 төсек-орындық), 5 оқу-зертханалық корпус (18828,5 шаршы метр) әкімшілік-шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері (700 шаршы метр), университет ғимараттарына іргелес жер учаскелері (шамамен 5 га), Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің
оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы жер учаскелері (12 га) қолды болып кеткен. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, университет мүлкінің «ту-талақайын шығарған»,- деді Ерлан Саиров.
Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақ үй етіп қайта жабдықтаған, караоке, басқа да ойын сауық орындарын жасап, жын-ойнаққа айналдырған. Ал кейбір оқу корпустарын тіпті бизнес орталықтарға айналдырған.
«Осы фактілер қаншама жастар мен оқытушыларды басына отырып, жеткіншек ұрпақтың моральдық-рухани әлеміне ойсырата жасалған соққы, әділеттілік принциптерін таптау болып табылады! Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы барлық шешімдер ректор Т.И.Есполовтың тұсында қабылданғанын жеткізіп отыр. Бас Прокуратура елімізде заңдылықты бақылап отыратын орган ретінде мынадай қадамдар жасауға: Заңсыз қолды болған активтерді қайтару комиссиясы аясында аталған ғимараттардың мемлекет меншігіне қайтарылуын жедел қамтамасыз етуге; 2001-2022 жылдары осындай заңды белшесінен басып, барып тұрған бассыздыққа барған шенеуіктердің заң алдында жауапкершілігін анықтауға; еліміздегі басқа да жоғарғы оқу орындарының меншікті заңсыз беру мәселесіне аудит жүргізуге тиіс деп санаймыз», - деді Ерлан Саиров өзінің дептутаттық сауалында.