Жарма ауданындағы 50 жыл жөндеу көрмеген мектеп қалай жаңғыртылды
«AMANAT» партиясының белсенді мүшесі мектептің жөнделуіне қыруар қаржы бөлуге ықпал еткен
Абай облысы жарма ауданындағы мектептің күрделі жөндеуіне қаражат бөлуге атсалысқан «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі Найля Садықова жөндеу жұмыстары қалай жүргенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жарма ауданындағы Маяковский атындағы орта мектепке көп жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Мен қазір мектеп директоры қызметін атқарамын. Маған дейінгі мектеп басшылары да бұл мәселені көтерген болатын. Біз сметалық жұмыстарды әзірлеп, қоғам белсендісі ретінде әкіммен кездесу кезінде осы мәселені үнемі көтеріп жүрдік. Білім бөлімі жетекшісімен бірігіп, әкімнің орынбасарларына мектептің жағдайын көрсеттік. «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі ретінде мектептің күрделі жөндеуіне 241 млн теңге қаржы бөлуді жүзеге асырдық», - дейді Садықова.
Ол атағандай, Маяковский атындағы орта мектепке 50 жыл бойы жөндеу жұмысы жасалмаған.
«Жөндеу жұмыстары екіге бөлініп жасалды. Алғашқысы 2019 жылы, кейін 2020 жылы тағы жасалды. Мен Жарма ауданының мәслихат депутаттарына бұл мәселені көтерген едім. Осылайша, біздің мектепке жөндеу жұмыстарын жасатуға мүмкіндік алдық. Жөндеудің аяқталғанына 3 жыл болды. Оқушылар жаңа, жабдықталған мектепте білім алып жатыр», - дейді депутат.