АрселорМиттал Теміртау» цехынан өрт шықты
Оқыс жағдайдан зардап шеккендер жоқ
7 маусымда сағат 16:50-де «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың болат цехында оқыс оқиға орын алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, №3 домна пешінің үрлеу қондырғысы аймағында жанып жатқан кокс сыртқа лап етіп шыққан.
«Жедел әрекет ету қызметі оқиға орнына шұғыл келіп жетті. Зардап шеккендер жоқ. Орын алған оқиғаның себептері анықталу үстінде», делінген хабарламада.
Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, өрт сағат 18.07-де сөндірілді. №3 домна пеші іске қосуға дайындалып жатыр.
2022 жылдың желтоқсанында Премьер-министр Әлихан Смайылов «АрселорМиттал» компаниясының вице-президенті Виджай Гоялмен кездесу өткізді. Сол кезде Қазақстан компанияның қызметін бағалау үшін халықаралық сарапшылар тартылатыны хабарланды. Бағалау кезеңінде АМТ өкілдері өндіріс көлемін, жұмыспен қамту деңгейін және кәсіпорындағы жалақыны сақтауға уәде берді.