Қазақстандық компаниялар өңдеу өнеркәсібінде өндірісті тағы $46 млрд-қа арттыруға қабілетті
Әлихан Смайылов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру да маңызды бағыт екенін атап өтті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кездесуді одан әрі жалғастырып, саладағы проблемалық мәселелер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.
26 мамырда өткен жиынға Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов ішкі резервтер есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі өндірісті $46 млрд-қа ұлғайтуға болатынын, сонымен бірге Қазақстан макроөңір нарығына қосымша жалпы құны шамамен $300 млрд құрайтын өнім жеткізуге әлеуеті бар екенін хабарлады.
Отандық өндірісті дамыту мүмкіндігі жоғары негізгі бағыттардың қатарында мұнай-газ машиналарын жасау, құрылыс материалдарын, азық-түлік және тыңайтқыштар шығару, болат өнімдерін, алюминий және мыс салаларының тауарларын өндіру, темір рудасын, мақта талшығын, жүн, былғары өңдеу және басқалар бар.
Тікелей мемлекеттік ынталандыру шарасы аясында биыл 500 млрд теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларын, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму банкінің желісі арқылы қаржыландыру жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазіргі уақытта республиканың агроөнеркәсіп кешенінде оң даму үрдісі қалыптасып отырғанын атап өтті. Бұл ретте мемлекет қаржыландырудың қолжетімділігін кеңейту және өндірілген өнімді өткізудің жаңа нарықтарын ашу бойынша жұмысты жалғастырып келеді.
Мәселен, субсидиялауды реформалау бөлігінде бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған, бірақ қолданыстағы жүйенің негізгі контурларын сақтай отырып, нақты өзгерістерді көздейтін өзара мәмілеге негізделген нұсқа әзірленді.
Сонымен қатар Бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу шеңберінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидиялардың қолжетімділігін арттыру үшін кезек тәртібімен берілген өтінімдерді қанағаттандыруға кепілдік беретін «күту парақтары» іске қосылды. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға кемінде 425 млрд теңге бөлінетін болады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы биылғы көктемгі егістік жұмыстары мен орақ науқанына 140 млрд теңге бөлінді, оның 70 млрд-ы орта мерзімге арналған қаражат және келесі жылғы сәуір айына дейін қайтарылады.
Несиелеуге келетін болсақ, форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасады. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 71 млрд теңгеден астам қаржы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және мал азығын дайындауға арналған техника сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар барлық өңірлерде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып, АӨК-тегі инвестициялық жобаларды несиелендіру бағдарламасын іске асыру басталады. Биыл ол арқылы 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысын салуға 100 млрд теңге бағытталатын болады. Несиелерді 2,5%-бен 10 жыл мерзімге, ең жоғары мөлшері 5 млрд теңгеге дейін беру жоспарланып отыр.
Отандық мал шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту үшін қазақстандық кәсіпорындарды экспорттаушылардың шетелдік тізіліміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 3282 кәсіпорын өз өнімдерін шетелге жеткізуге құқылы.
Өсімдік шаруашылығы өнімдеріне келетін болсақ, соңғы екі жылда қазақстандық 901 кәсіпорын Қытайдың Бас кеден басқармасының реестріне енгізілген.