$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.05.2023, 19:16
Қоғам

Мәулен Әшімбаев: Ашаршылық пен қуғын-сүргін қазақ шежіресіне ең шерлі кезең ретінде жазылды

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасына  жазды

 

Мәулен Әшімбаев: Ашаршылық пен қуғын-сүргін қазақ шежіресіне ең шерлі кезең ретінде жазылды
Фото: www.gov.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенат соңғы екі жылда ашаршылық тақырыбын зерттеу және халқымыздың басынан өткен ақтаңдақ жылдардың ақиқатын ашу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Соның нәтижесінде деректі құжаттар мен естеліктер жинағының бес томы жарық көрді.

Бұл бастама тарихшы ғалымдардың жоғары бағасын алып, қоғам тарапынан оң қабылданды, деп жазды бүгін өзінің Facebook парақшасында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

«Бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында қасіретті кезеңнің ізі қалған «ҚарЛаг» музейіне арнайы барып, бабалар рухына тағзым еттік, сондай-ақ, көпшілікке аталған жинақтың жаңа 6-7-томдарын таныстырдық.

Бұл еңбекке де осыған дейін еш жерде жарияланбаған бірегей құжаттар енді. Олардың 90 пайызы ғылыми айналымға алғаш рет шығарылып, көпшілік үшін қолжетімді дүниеге айналып отыр.

«Шын мәнінде, өткен ғасырдың 30-жылдарында болған алапат ашаршылық пен аяусыз қуғын-сүргін қазақ шежіресіне ең шерлі кезең ретінде жазылды. Тарихымыздың осындай трагедиялы тұстарын зерттеу, ашылмай, жазылмай келе жатқан жайттарды зерделеу елдік және ұлттық мүдде тұрғысынан аса маңызды. Жеті томдық жинақ осы бағытта ғылыми көзқарас қалыптастыратын іргелі еңбек екені сөзсіз»,-деді Мәулен Әшімбаев.

Ол жалпы, тарихты тану, өткенді ұмытпау ұлттық сананы жаңғыртып, ұлттық дүниетаным қалыптастыру жолында айрықша мәнге ие екенін айтады. Сондықтан алдағы уақытта Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғаса береді.

«Осы ретте жинақтың жарық көруіне атсалысқан ғалымдарға, архивтердегі мамандарға, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымына, Мәдениет және спорт министрлігіне алғысымызды білдіреміз. Қарағандыға сапар барысында өңірдегі мәслихат депутаттарымен де кездесіп, бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын талқыладық. Шикізаттық емес саланы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты Президентіміз белгілеп берген міндеттерді іске асырудың негізгі тетіктеріне назар аудардық. Сонымен қатар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттерімен жүздесіп, жастарды алаңдатқан мәселелер жөнінде сөз қозғадық. Сапар аясында ерекше қажеттілігі бар спортшылардың жаттығуына да қатысып, олардың жай-күйімен таныстық.

Қазіргі таңда Қарағанды өңірінде көптеген игі бастама нәтижелі іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта да облыстың одан әрі қарқынды дамуына шынайы тілектестігімізді білдіреміз»,-деді Сенат төрағасы.

Серіктес жаңалықтары