Қазақстанның өз астығы өзіне толық жетеді – Смайылов
Астық көлемі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов науқандық жұмыстар аяқталып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді. Бүгінде еліміз бойынша науқандық жұмыстар аяқталып келеді. Үкімет қаржы бөлу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін толығымен шешті. 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді. 21 млрд теңге қаражат өнімді форвардтық сатып алуға бағытталды. Дихандарға 522 мың тонна астыққа тауарлық кредит берілді. Дизель отыны нарықтық бағадан 30%-ке төмен бағамен жеткізілді», - деді ол.
Премьер-министр атағандай, минералды тыңайтқыштар өндіретін отандық компаниялармен келісім-шарттар жасалып, өнімді субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 31 млрд теңге бөлінді.
«Сондай-ақ аталған субсидияларды кешіктірмей беру үшін егіс алқаптарын цифрландыру 1 жылға кейін шегерілді. Біз биыл агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау жүйесін көп өзгертпей, барынша сақтап қалғанымызды атап өткім келеді. Қазақстанның өз астығы өзіне толық жетеді. Қалған ауқымды бөлігін экспортқа да шығарады», - деді Смайылов.
Премьер-министр биыл Қазақстан бидайы Қытай Халық Республикасына жеткізіле бастағанын айтты.
«Мысалы, ауа-райы қолайсыз болып, астық шықпай қалған күннің өзінде біздегі ішкі қажеттілік ең аз жиналатын көлемінен 2 есе төмен екенін айта кету керек. Яғни, астықтың көлемі елдегі ішкі сұраныс пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді», - деді ол.