8-9 маусымда Астанаға жоғары мәртебелі қонақтар келеді
Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді
Астана халықаралық форумына бірнеше елдің президенті мен халықаралық ұйымдардың басшылары келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. 8-9 маусымда Астана халықаралық форумы өтеді. Тақырыбы – «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс». Форумда сыртқы саясат, тұрақтылық, экономика, қаржы, энергетика мен климат мәселелері талқыланады.
Форумға жоғары мәртебелі қонақтар да келеді. Олардың ішінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Қырғызстан президенті Садар Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желка Цвиянович, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұймының бас хатшысы Хельга Шмид, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Грегорьева, ЮНЕСКО бас директоры Одри Азулай, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Азия және Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның атқарушы хатшысы Армида Алисджабана, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов және тағы басқа лауазымды тұлғалар бар.
Ал Босния және Герцеговина президиумының төрағасы форумға қатысумен қатар жұмыс сапарымен бірнеше кездесу өткізеді.
«Желка Цвияновичтің мемлекет басшылығымен және парламент мәжілісінің спикері Ерлан Қошановпен кездесулері жоспарланған. Сол жерде екі жақты қатынастардың, халықаралық ынтымақтастықтың және өңірлік саясаттың күн тәртібіндегі мәселелері талқыланады», - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Бұдан бөлек, АҚШ сауда палатасының аға вице-президенті Куш Чокси бастаған делегация форумға қатысады. Қазіргі кезде олар жұмыс сапарымен Қазақстанды аралап жүр. Ал 7 маусымда сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен АҚШ өкілдерінің қатысуымен инвестициялық жиын өтеді.