Алматының іргесінде медициналық қалдықтар шашылып жатыр
Цехқа айыппұл салынды
Медициналық цехтағы шикілік жергілікті экологтардың кезекті рейді кезінде әшкере болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның хабарлауынша, екінші жылу электр орталығына жақын орналасқан цехта шала жанған шприцтер мен қанға боялған бөтелкелер көп. Тексеріс жүргізгендер көрінген жерде жатқан инелерде инфекция болуы әбден мүмкін деп отыр.
«Санитарлық нормаға сәйкес мұндай орындардан радиусы 300 метр қашықтықта ешбір кәсіпорын, тұрғын үй болмауы керек. Ал мына жерде 10 метрден соң түрлі өндірістер орналасқан. Адамдар да жүр. Қазір елде коронавирустан сақтану шаралары жаппай жүргізіліп жатыр ғой. Ал мына орынның тағы бір ауру ошағын тудырмасына кім кепіл? Жалпы бұл цехқа қалай ғана лицензияны кім берген», - дейді «Экопатруль» қозғалысының жетекшісі Тимур Елеусізов.
Ал цех қызметкері бүкіл құжаттарының заңды екенін айтады.
«Біз онсызда қалдықтарды түнгі сағат 9- дан таңғы 5- ке дейін ғана жағамыз. Маңайымыздағы тұрғындарға залал келтірмес үшін. Енді қалдықтар көп қой, бәрін бірден өртеп үлгермейміз»,-деді Сергей Манулиев.
Ал экология департаменті медициналық цех басшысын жазалайтынын айтты. Шамамен 79 мың 530 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
«Алматы қаласы бойынша экологиялық полицияның қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, көлемі 30 АЕК есебінде айыппұл салды. Енді алдағы уақытта талдау жүргізіп, осы медициналық қалдықтарды өңдейтін, жоятын мекемелерге тексерулер жүргізілетінін хабарлаймыз»,-деді Экология департаментінің бас маманы Талғат Қамбетов.